Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», ‑ деп алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны әрі ары.
Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Қазақ тілінің маңыздылығын арттырып, қолданыс аясын кеңейту сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл ‑ қазақ тілі деп анық жазылған. Бұл еліміздің «Тіл туралы» заңында да берік қамтылған. Біздің азаматтық парызымыз ‑ тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту жүйелі түрде алға қойылған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген.
Яғни, Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайларда басқа да тілдер қолданылады.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.
Өзіміздің азаматтық парызымыз ‑ тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде сақтап, жүзеге асыруға ат салысайық.
Жамбыл облысы бойынша
қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
соты әкімшісінің бас маманы Г.Саутова