Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігі белгілі. Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі, – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек.
Демек, әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол – барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – еліміздің іргетасы, «Ұлттың қуаты тілінде», «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем», «Тіл – асыл ойдың бұлағы», «Тіл –құдырет», «Тіл – тәуелсіздік тұғыры», «Тіл – ұлттың жан дүниесі» дегендей, тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша.
Олай болса, тіл құдіреті – ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.
Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап, босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздері көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталып қалған. «Тәрбие басы – тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты. Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық екені ақиқат.
Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар, Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Яки, «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын, ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып, басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.
Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл – ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз екені анық. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы.
Сонымен қатар, менің елім – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны – бәріміз үшін мақтаныш. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.
Қазір таңда Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мәселе болмақ. Олай болса, егер адам өзге тілді білетін болса, ол – рухани бай адам. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Дегенмен, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуіміз қажет.
Жоғарыда айтып кеткендей, тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі.
Қорыта келгенде, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Ақын-жазушыларымыз жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!
Нұрдәулет Әлібеков, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
соты кеңсесінің жетекші маманы