2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енген Қылмыстық-процестік кодекстің жаңалықтарының бірі тергеу судьясы институтының енгізілуі болып табылады.
Тергеу судьясының ұғымы –ТМД елдерінің арасында жаңа институт.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасында Тергеу судьясы институты 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.
ҚР ҚПК-нің 7-бабының 47-тармағына сай, тергеу судьясы – сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын бірінші сатыдағы сот судьясы.
ҚР ҚПК-нің 54-бабының 3-бөлігіне сай, тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады. Тергеу судьясын (судьяларын) осы сот төрағасы судьялардың қатарынан тағайындайды. Тергеу судьясын алмастыру қажет болған кезде ол қайта тағайындалуы мүмкін. Тергеу судьясы соттың төрағасының өкімімен осы соттың судьяларының ішінен тағайындалады.
Тергеу судьясының өкілеттіктері ҚПК-ң 55-бабында көзделген. Атап айтқанда, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы мынадай мәселелерді қарайды:
1) күзетпен ұстауды санкциялау;
2) үйқамақты санкциялау;
3) лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау;
4) жақындауға тыйым салуды санкциялау;
5) экстрадициялық қамақты санкциялау;
6) күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту;
7) кепілді қолдану;
8) мүлікке тыйым салуды санкциялау;
9) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру;
10) бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру;
11) мәйітті эксгумациялау;
12) күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау.
Сонымен қатар тергеу судьясы:
1) анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарайды;
2) тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарайды;
3) сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды;
4) адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндіріп алуды қолданады;
5) прокурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарайды;
6) сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені қарайды;
7) қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарайды;
8) қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтінішхаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды;
9) осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін ҚПК-ң 56-бабының қағидаларына сәйкес жүзеге асырады. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы шығарады. Күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау, тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарау, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қою мәселелерiн қарау кезiнде сот отырысын өткiзу мiндеттi. Сот отырысын өткiзу мiндеттi болған жағдайда, қорғаушы тарап пен прокурорға сот отырысының уақыты мен орны туралы күнi бұрын хабарланады. Сот отырысы тергеу судьясының өкімі бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
Тергеу судьясының өкілеттілігінің бірі күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру және бас шарасын өзгерту мәселесін қарау. Тергеу судьясымен жоғарыда көрсетілген мәселені шешу ерекшеліктері.
Егер күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, тергеу судьясы оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру және бас шарасын өзгерту туралы шешім қабылдайды.
Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады:
1) денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру;
2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру (ҚР ҚПК-нің 511-бабы).
Істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның адамға қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттігіне байланысты адамды медициналық ұйымға орналастыру туралы прокурормен келісілген өтінішхатын шешім қабылдайтын тергеу судьясы қарайды.
Тергеу судьясы ауру сипатын, адамның өзі немесе айналасындағы адамдар үшін қауіптілігін, сарапшы-психиатрдың ұсынымдарын ескере отырып, шешім қабылдайды және өтінішхатты қанағаттандырған кезде қаулыда өзіне қатысты осы қауіпсіздік шарасы қолданылған адам орналастырылатын, психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйымның түрін, сондай-ақ бұрын қолданылған бұлтартпау шарасының күшін жою туралы көрсетеді.
Медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы бүкіл сотқа дейінгі іс жүргізу бойында, бірақ бір айдан аспай сақталады, содан соң оны қолдану мерзімін тергеу судьясы прокурордың өтінішхаты бойынша бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін не оның күшін жоюы мүмкін. Сот талқылауы барысында осы қауіпсіздік шарасы соттың қылмыстық істі қарау бойынша шығарылған, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулысы заңды күшіне енгенге дейін сақталады.
Күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өткізілген сот-психиатриялық сараптамасы қорытындысымен іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетіні анықталған жағдайда, оған қатысты қолданылған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жойылып, қауіпсіздік шаралары ретінде оны психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру қажет.
Қаулының күдіктіні күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою және қауіпсіздік шараларын қолдану туралы бөлігі тез арада орындалуға жатады. Себебі, Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 511-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолданылмайды.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 56-бабының талабына сай, тергеу судьясы күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру және бас шарасын өзгерту мәселесін сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Статистикалық мәліметтерге сай, 2015 жылдың 10 маусымына облыс бойынша ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру туралы 2 материал қаралған.
Жоғарыда көрсетілген мәселені тергеу судьясымен қарау қолданыстағы ҚПК-пен қарастырылған.
Күші жойылған ҚІЖК-де де психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолданылмайтыны, оларға қолданылатын қауіпсіздік шаралары және бұлтартпау шарасы ретiнде бұдан бұрын қамауға алынған адамның психикалық сырқатқа шалдығу фактiсi анықталған кезде прокурордың қаулысы бойынша ол қатаң оқшаулау жағдайында ауруларды ұстауға лайықталған психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға ауыстырылатыны көрсетілген. Алайда, бұлтартпау шарасының күшінің жойылуының тәртібі көрсетілмеген.
Сондықтан да, ессіз күйдегі адамдарға медициналық сипаттағы
мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы кейбір істер бойынша алдын ала тергеу органдарымен осы мәселелер шешілмей істер сотқа түсетін. Істі соттың өндірісіне қабылдаған кезде, соттар ессіз күйдегі адамдарға қолданылған «қамауға алу» бұлтартпау шарасының күшін жойып, қауіпсіздік шарасын қолданатын.
Бұл мәселе қолданыстағы ҚПК-тің қабылдануымен өз шешімін тапты деп есептеймін.
Тергеу судьясының сотқа дейінгі қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын жүзеге асыру бойынша өкілеттілігі бірте-бірте кеңейтілмек. Ұлт жоспары — Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы жоспарында адамның және азаматтардың конституиялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыптаушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету көзделген. Бұл дегеніміз сотқа дейінгі қылмыстық сот ісін жүргізу барысында айыптаушы және қорғаушы тараптарының жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидатының толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Азаматтардың бостандығын шектейтін барлық процессуалдық шешімдерді, сонымен қатар санкциялау мәселелері тек тергеу судьяларының құзіретіне беріледі.
Автор:Тараз қаласы №2 сотының судьясы Нұрлан Әмірханұлы Дауылбаев