Ақмола облысында қырдан аққан су Шағалалы ауылының тұрғындарын шырғалаңға салып отыр. Қазір елдімекендегі екі жарым мың тұрғын қатынассыз қалды. Себебі ауылдағы жалғыз көпірді су шайып кеткен. Былтыр дәл осы уақытта бұл көпір қарғын суға шыдас бермеген еді.
Енді аралда қалғандай күй кешкен жұрт жыл сайын қазынаның қыруар қаржысын суға ағызатын шенеуніктерге қайран қалып отыр.
«Биыл бірінші жыл емес. Былтыр дәл осылай көпірімізді жұлып кеткен. Бұл көпірді жазды күні келіп салды. Салып жатқан кезде жергілікті үлкендер келіп, біраз сауал қойдық. «Мына жер осал болады-ау» дедік. Олар «бізге берген жобамен жасаймыз» деп, біздің сөзімізге құлақ асқан жоқ», — дейді ауыл тұрғыны Айтжан Құдабаев.
Ал Петропавлда еріген қар суы жаңа салынған Бірлік шағынауданын басып қалды. Мұндағы баспаналар былтыр тасқыннан зардап шеккен жұртқа берілген. Тәулік бойы жанталасқан құтқарушылар төрт күннен бері судан тазартып біте алмай жатыр. Негізгі күш елді мекендегі балабақшаны сақтап қалуға жұмылдырылған.
«Бірлік шағынауданында су тасқынына қарсы штаб ашылды. Төтенше жағдай департаментінің 4 мотопомпасы, жеке құрамның 10 адамы, қос техника жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органнан 30-ға жуық адам жұмылдырылды. Оларда 20-ға жуық мотопомпа бар», — деді Петропавл ТЖБ бастығы Ержан Шәріпов.
Абай облысында да жағдай ушығып тұр. Қазір өңірде 45 елді мекен судың астында қалуы мүмкін. Әсіресе, Үржар ауданында жағдай қиын. Жауған қардың қалындығы бір жарым метр. Күн күрт жылынса, Жаңа Тілек, Егінсу, Жоғарғы Егінсу, Тасарық ауылдары су астында қалуы мүмкін.
Ауданда жедел топ құрылып, әскери бөлімнің 50 сарбазы тасқынның алдын алуға жұмылдырылды.