Белгісіз тұлғалар Тараз қаласының «Коммуналдық базар» және «Нұралы» базарларының аумағында орналасқан азық-түлік дүкендеріне бұзып кіру жолымен ұрлық жасаған.
Бұзақылар жалпы сомасы 770 000 теңге көлеміндегі темекі өнімдерін ұрлаған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Сол күні жедел-іздестіру және арнайы іс-шараларды өткізу барысында Тараз қаласының ПБ 1-полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесі қызметкерлерінің жедел іс-әрекеттерінің нәтижесінде ұрлық жасады деген күдікпен осындай қылмыстары үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған Тараз қаласының 20 және 22 жастағы тұрғындары анықталып, ізін суытпай ұсталды.
Күдіктілер ұрлықтың төрт дерегі бойынша кінәсін мойындады, қазіргі таңда аталған тұлғалардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Тараз қаласының полициясы облыс орталығының кәсіпкерлеріне бизнес нысандарын дабыл сигнализацияларымен, сондай-ақ сыртқы бейне бақылау камераларымен жабдықтау қажеттілігін ескертеді.