Тараз қаласындағы «Достық» алаңында Қырғыз Республикасы Талас облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Аталмыш іс-шараға Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев бастаған делегация арнайы келді. Құрметті қонақтарды облыс әкімі К. Көкірекбаев қарсы алып, бүгінгі өткізіліп жатқан жәрмеңке екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыра түсетіндігін сөз етті.
— Жамбыл облысы Қырғыз елінің қос бірдей облысымен өте тығыз қарым-қатынаста. Бүгін Талас облысының ауыл шауашылығы тауар өндірушілері киелі Әулиеата өңіріне арнайы келіп, жәрмеңке ұйымдастыруда. Өздеріңізге белгілі, өткен айда біз Талас облысына арнайы барып, ол жақта бірқатар меморандумдарға қол қойған болатынбыз. Сол келісім негізінде бүгінгі іс-шара өтуде. Сондықтан, қырғыз елінен келген барша қонақтарға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін. Мұндай қарым-қатынас екі елдің арасындағы берік байланысты, өзара ынтымақтастықты нығайта түседі деген ойдамын, — деді К. Көкірекбаев
Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев Тараздағы өтіп жатқан жәрмеңке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.
— Талас облысы мен Жамбыл облысы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан аймақтар. Әсіресе, сауда-саттық бойынша екі облыстың мүмкіндіктері өте жоғары. Дегенмен, бүгінгі Әулиеата өңірінің өндіріс саласындағы аршынды қадамдары көпке үлгі. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты күшейту мақсатында Жамбыл облысына арнайы келіп, жәрмеңке ұйымдастырып жатырмыз. Бұл екі ел тауар өндірушілерінің арасында тығыз байланыс орнатып, тәжірбие алмасуға үлкен жол ашады. Сондай-ақ, облысымыздың өнерпаздары да өз өнерлерін жамбылдық жұршылыққа тарту етуде. Алдағы уақытта осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар реті үзілмейді деген ойдамын, — деді Талас облысының губернаторы.
Облыстың Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандары және Тараз қаласы мен Қырғыз Республикасының Талас облысы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен өткізілген жәрмеңкеде 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауары ұсынылды. Атап айтқанда, Қырғызстаннан 100 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде, алма, картоп, фасоль, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдері, жеміс-жидек көшеттері сатылды. Ал, Жамбыл облысынан ет, сүт, кондитерлік және макарон өнімдері, балық тағы да басқа ауыл шаруашылығы тауарлары өткерілді.
Жалпы, жәрмеңкеге ұсынылатын тауардың құны 43.4 млн. теңгені құрады. Сондай-ақ, жәрмеңке бағасы базар нарқынан 10-17 пайызға арзан саудаланды.
Жәрмеңке барысында орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртістерінің қатысуымен концерттік қойылымдар ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың басында облыс әкімі К. Көкірекбаев бастаған жамбылдық делегация Талас облысында арнайы болып, екі ел арасындаңы өзара ынтымақтастықты арттыру бойынша бірқатар меморандумдарға қол қойды. Сондай-ақ, сауда-саттық саласындағы маңызды мәселелерді шешу, азық-түлік тауарларын ешбір кедергісіз Жамбыл облысының сауда нүктелеріне жеткізу және киелі Әулиеата өңірінде Қырғыз елінің кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкелерін өткізу жайын да талқылаған болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі