Әйел адамның жаны жұмсақ келеді деген адамзат баласының санасында әлімсақтан қабылданған ескіше түсініктердің бірі. Бүгінде осы бір қасаң қағиданы бұзып, ел ішінде өзінің қайсарлығы мен табандылығы, жүрегіндегі нәзіктігіне ақылы ұштасып, отбасында да, қоғам өмірінде де ерекше тепе-теңдік ұстап жүрген әйел заты аз емес. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында қаламызда өзінің іскерлігі мен көзге түсіп жүрген бірнеше азаматшаның жетістіктерін баяндап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
1. Бағдат Майлыбаева – Тараз қаласындағы 300 балаға арналған үлкен «Аю» балабақшасының иесі, қалалық мәслихат депутаты. Алғашында үлкен мейрамхана болған ғимаратты балабақшаға айналдыру үлкен тәуекелді қажет ететіні анық. Бұл тұста Бағдат ханым бүгінгі нарықта тәуекел арқылы табысы мол істі жолға қоюдың озық үлгісін көрсете білді. Мұнымен қоса Бағдат ханым «Bakonya» брендімен белгілі әйелдерге арналған көйлек дүкенін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Балабақша мен аталған дүкен арқылы бірнеше қала тұрғынын жұмыспен қамтып отырғанын ескерсек, Бағдат Майлыбаева шаһарымыздың әлеуетін шарықтатып жатыр десек қателеспейміз.
2. Жанар Бүркітбаева — «Berkut Delux» мейрамханасы мен «Union Pub» элиталы демалыс орынының иесі, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаты. Аталған демалыс орындарын басқарумен қатар Жанар ханым қоғамдық істерге белсене атсалысып келеді. Оған бизнес вуменнің 2016 жылы «Алтын жүрек» Республикалық сыйлығының «Ардагерлерге қамқорлық» аталымы бойынша жеңімпаз болуы дәлел.
3. Әмина Қайназарова — «Әйел және экономика» секциясы басшысының орынбасары және «Асыл бала» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты, «Good maker» ЖШС-нің басшысы, Жамбыл облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» Тараз қаласы бойынша төрайымы, Тараз қаласы бойынша саясаткер әйелдер клубының төрайымының орынбасары. Өзінің білімі мен білікітілігінің арқасында аруларға үлгі болып, адал еңбектің зор нәтижесін көрсетіп жүрген Әмина ханым бүгінде өңірдегі нәзік жандылардың беделін биіктітеп келеді.
4. Сабина Оралова – Тараз қаласындағы сапалы қызмет көрсететін №1 – ші «Airis Beauty Club» cұлулық салонының иесі. Жуырда ғана қаладағы «Astana Sinema» кинотеатрының егесі Олжас Қуандықовпен шаңырақ көтеріп, бүгінде шет елде бал айын өткізіп жатқан Сабина ханым бизнесті , әсіресе сұлулық салонының жұмысын жүйелі жүргізуде сапаға мән беру үшін әлемге белгілі мэйк-ап артист Гоар Аветисяннан тәлім алған. Қазіргі таңда қаланың сылқым бойжеткендері аталған салонның қызметіне жиі жүгініп ризашылық білдіріп жатады.
5. Айгүл Ақшалова — ««Марракеш», «Пиала» мейрамханалық кешендері және «Монтерей» кафесінің иесі. Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. Отбасында аяулы жар, ақ жаулықты ана ретінде, қоғамда белсенді әйел ретінде өз-өзін кеңінен көрсетіп жүрген Айгүл ханымның бойынан 21 ғасырда өмір сүруге икемі жоғары, білім мен парасатқа бай тұлғаны көре аламыз. Бұл ретте жас бойжеткендердің бұл азаматшадан алар өнегесі мол.
Осы орайда бизнес атты толқыны асау алып айдында желкендерін ешбір дауыл жыға алмаған ханымдарды келіп жеткен 8 наурыз халықаралық әйелдер мейрамымен құттықтаймыз. Іскерлік қабілеттеріңіз одан әрі дамып, шаһарымыздың өсіп өркендеуі жолында жасаған тынымсыз тірліктеріңіз жоғары нәтиже көрсетсін деген тілегіміз бар.
TURANINFO.KZ