Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығының тұрғындарын қуанышты оқиғамен арнайы құттықтады.
— Бүгінде жамбылдықтардың 32 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Біздің мақсатымыз — бұл көрсеткішті арттыра түсу, өйткені кез-келген елдің жетістігі, ең алдымен, ұлттың денсаулығына байланысты. Осы орайда облысымызда жаңа спорт нысандары салынып, ескілері қайта жаңғыртылуда. «Ұлан» стадионы бұған дейін тозып, аянышты күйде болған. Трибуналар, футбол алаңы бәрі ескірген еді. Балалар ескі доптармен ойнап жүрген. Енді, міне, бірнеше айдың ішінде стадионның адам танымастай өзгергенін көріп тұрмыз. Жақын маңдағы саябақ та көп ұзамай жаңа кейіпке енетін болады. Ата-аналар балалары стадионда шынығып жатқанда, сол саябақта тынығып уақыт өткізетін болады, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, стадион аумағында екі қабатты жекпе-жек залы бой көтерді. Жас спортшылар мұнда футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, дзюдо, армрестлинг, үстел теннисі, каратэ және бокспен айналыса алады. Бұрын олар ынғайластырылған нысанда жаттыққан болса, енді олар үшін заманауи көпфункционалды ғимаратта айналыса алады.
Тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтауға танымал қазақстандық таэквондошы Руслан Жапаров та арнайы келді.
— Бала кезімде менің көп жаттығуым осы жерде өткен болатын. Мен стадионның жаңартылғанына шын жүректен қуаныштымын, енді балалар қолайлы жағдайда шұғылданатын болады», — деді ол.
1988 жылы салынған спорт кешені №5 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балансында. Директоры грек-рим күресінен спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров.
— Жамбылдық палуандар, дзюдошылар, боксшылар түрлі жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді. Біз осы бағытта әрі қарай дамып, Олимпиада чемпиондарын дайындауға ниеттіміз, — дейді Ақжүрек Таңатаров.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі