Жаңа медициналық нысан Тараз қаласы Әулиеата ауданы Қызыл жұлдыз алқабында орналасқан.
Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілді.
Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде халықтың денсаулығын сақтау және өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым-бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қызыл жұлдыз алқабында заманауи дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп отыр.Ел Президенті денсаулық сақтау саласында тиімді модель қалыптастыру арқылы барлық ауылдық елді мекендерді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.Жаңа нысанда жергілікті халық тек ем қабылдаумен шектелмей, аурудың алдын алу мүмкіндігіне де ие болады, – деді облыс әкімі.
Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бұл денсаулық сақтау нысаны 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.
Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар, ересектер мен балаларға арналған консультативті-диагностикалық қызметтер ұсынылады. Сонымен бірге зертханалық диагностика, профилактикалық және скринингтік тексерулер жүргізіледі.
Психолог пен әлеуметтік қызметкердің кеңесі де қарастырылған.
– Тарихы тереңде жатқан Қызыл жұлдыз ауылы Тараз қаласының құрамына кірді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан айтулы оқиға. Бүгін көптен күткен дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, халықтың жұлдызы тағы жарқырады, – дейді ардагер Тұрсынхан Нұрбаев.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 нысан халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл 4 нысанның құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базазын нығайтуға 6 млрд теңге қарастырылған.
Жамбыл облысының әкімдігі