Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы «қасіретті қаңтардың» басты ошақтарының біріне айналды. Әкімдікті қоса алғанда бірнеше ғимарат қирап қалды. Көліктер өртенді, полиция мен алаңға шыққандар арасында атыс болды. Соңында қаланың тыныштығын қарақшылар бұзды. Олар орта және шағын бизнеске көптеген шығын келтірді. Соның бірі – Тараз қаласында орналасқан «Технодом» дүкені
Менеджер Жәнібек Жүнісбаевтың айтуынша, қарақшылар дүкенге 6 қаңтардың түнінде шабуыл жасаған. Десе де дүкен қызметкерлері оның қарақшылық емесін, арнайы ойластырылған ұрлық екендігін алға тартты.
– 6 қаңтар күні кешкісін сағат 23:50-де қойманың артқы есігінен келіп, темір есікті ломмен ұрып сындырды. Олар бес бала болып келіп, сындырып, ішке кірді. Олар қойманың қайда екенін білген. Бірден сөрелерді қарай бастады. Бізде алтын сейф деген бар. Ол жерде бағалы заттар сақталады. Қымбат заттар тұратын сейфтің кілтін іздей бастады. Қолдарында қолғап, бетперделері, сумкалары болды, олар дайындалып келген. Ішке кірер алдында сырттағы бейнебақылау камераларын сындырып кетті. Ішке кірді де іштегі жоғарғы жақта орналасқан камераны сындырды, сосын кілттерді іздей бастады. Кілтті тапты да, сейфті ашты. Бір адам сейфтен заттарды алып жатты ал қалғандары қойманы аралап қандай заттар бар екенін көріп жүрді, – дейді ол.
Жәнібек Жүнісбаев абырой болғанда дүкен күзетінің жақын маңда болғанын айтады, соның арқасында көптеген техникаларды ұрланбаған.
– Олар сейфты ашқан кезде біздің арнайы күзет бөліміне дабыл барған. Күзет осы жақын маңда жүрген екен. Үш минуттан соң олар дүкен маңына келген, көлігінің төбесіндегі мигалканы көрген ұрылар үлгерген телефондарын алып, бірден қашты. Дүкеннің артында қабырға бар, сол қабырға арқылы кірген, кейін сол жақпен қашып кеткен. Қабырғаның арты жазық дала, сол жаққа машиналарын қойып қойған екен. Ертесіне біз келдік, қарадық. Барлығын санап түгендедік, – дейді менеджер.
Дүкеннен бас-аяғы 5 iphone, 1 apple watch, 1 микротолқынды пеш ұрланған, шығын сомасы 3 млн 500 мың теңгені құрайды. «Технодомды» тонап кеткендер түбінде ұсталды. Полиция қызметкерлі дер кезінде әрекет етіп, күдіктілерді қамауға алған, ұсталғандар өз іс-әрекеттерін мойындаған.
Исламбек Дастан, Жамбыл облысы