Өткен аптада шаһарда Тараз индустриалды паркі өз жұмысын бастады.
Тараз металлургия зауытының өнеркәсіптік аймағында орналасқан индустриалды парктің салтанатты ашылуына аймақ басшысының орынбасары Тимур Жанке, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жасұлан Ханалиев, облыс аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлер қатысты. Шарада Тимур Амантайұлы аталмыш паркті ашудағы мақсат – кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуда барынша қолайлы жағдай жасау және шығындарының аз болуын қамтамасыз ету екендігін жеткізді. Сондай-ақ ол аймақ жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістің дамуына зор рөл атқарып қана қоймай жаңа жұмыс орындарының құрылуы, өнеркәсіптік ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыруына үлкен сеп болмақ. Бұдан өзге парктің құрылуы арқылы инвестицияларды тарту, облыс және қаланың салық салынатын базасы ұлғаятын болады. Жалпы парктің дамуына бастапқы кезеңде өндірістік және әкімішілік ғимараттары мен қоймалары орналасқан 41 гектар алаң бөлініп отыр екен. Аталған аймақ бүгінде дайын өндірістік инфрақұрылымға ие және өнеркәсіптік объектілердің жұмысын қолдауға толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ жиында Тараз индустриалды паркінің басшысы Бақытжан Қуанышқалиев кәсіпкерлер үшін жалға берілетін орынды таныстырып, 63 мың шаршы метрден астам өндірістік, әкімшілік және қоймалық ғимараттар бар екендігін мәлім етті. Олар кәсіпкерлерге барынша жақсы жағдай жасап, жылумен және сумен қамтамасыз етпек. Сонымен қатар электр энергиясымен, газбен жабдықтауға қол ұшын созатын болады. Кәсіпорында негізгі технологиялық цехтарға кіруге мүмкіндігі бар темір жол, автомобиль магистраліне жетуге жағдай жасалған. Және онда интернет және байланыс, медпункт, қоғамдық тамақтандыру қызметтері, автокөлік тұрағы мен тәулік бойы қорғау қарастырылған.
– Іске қосылып отырған паркте құрылыс-монтаждау, метал құрастыру және монтаждау, темірді өңдеу, механикалық өңдеу, сондай-ақ, арнайы техникалары жабдықталған автопаркі де бар. Индустриялық паркіне орналасуға парк өкіліне арналған 4 түрлі жағдай жасалады, оның ішінде жалға алу, өндірістік ғимараттарды жер учаскелерімен бірге тікелей сату жатады. Сонымен қатар индустриялық парктің дамуына орай шағын және орта биснес кәсіпорындармен ынтымақтастық жөнінде бағдарлама іске қосылды. Жақын арада бизнес-инкубаторды іске қосу жоспарлануда, аталмыш жобаға алаңы 7000 ш.м-ден астам ғимарат беріледі, – деген парк басшысы Б.Қуанышқалиев кәсіпкерлерге орындар екі жылға тегін берілетіндігін жеткізді. Шара соңында Тараз металлургия зауыты мен облыс басшылығы бірлескен мемарондумға қол қойып, жекеменшік-әріптестік негізде өңір өндірісін өрістетуге уағдаласты. Содан соң облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке мен шараға қатысушыларды Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова парктің базасымен таныстырды. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде ол жерге кәсіпкерлерді тарту үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр екен. Қазіргі таңда 15 кәсіпкерден ұсыныс түссе, 4 кәсіпкер аталған аумақтан кәсіпкерлігін ашуға келісімін беріп қойыпты. Негізінен ол парк метал өңдеу ісімен айналысуға қолайлы. Сондай-ақ Тараз металлургия зауыты үшін де тиімді болып отыр. Өйткені, кәсіпкерлер қажетті шикі затты аталған зауыттан алуға мүмкіндігі мол. Бұдан өзге аталған аймақта бизнес-инкубатордың өрісі кеңейіп, кәсіпкерлер үшін тиімді жұмыс жасау қолға алынбақ.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ