Жамбыл облысының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ірі көлемде жасалған алаяқтықтың бірқатар деректерін ашты.
Жүргізілген арнайы іс-шара нәтижесінде Тараз қаласының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Осылайша, істің мән-жайын анықтау барысында 2019 жылдың наурыз айынан бастап күдікті WhatsApp телефон бағдарламасы арқылы әртүрлі облыстар мен аймақтардағы адамдарға жеке ақшаларын көбейту бойынша қаржылық схеманы таратуды ұсынғаны анықталды.
Нәтижесінде, күдікті алдау жолымен 20-ға жуық жәбірленушіден 4 миллион теңгеден астам ақша қаражатын жымқырған.
Аталған қылмыс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алаяқтықты алдаудың құрбаны болған басқа да адамдарды анықтау үшін бірқатар тергеу әрекеттері жалғасуда.