Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай шаһардағы қарт майдангер Мүтәліп Ережепбайдың шаңырағына барды. 96 жастағы ардагерге құрмет көрсетіп, ҚР Президентінің құттықтау лебізін жеткізді.
Мүтәліп Ережепбай әскер қатарына 1944 жылы шақырылып, Жеңістен кейін әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге атсалысқан. Елге 1950 жылы оралып, баспасөз саласында еңбек етті. Майдангер ll дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған. Ол соғыс және еңбек ардагері, запастағы майор, Талас ауданының құрметті азаматы. Одан бөлек ұл-қыз өсіріп, бүгінде немере шөберелірінің ортасында бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешіп жатқан жәйі бар. Ардагердің «Атақоныс», «Өлеңім — өмірім» секілді бірнеше кітаптары жарық көрген.
«Сіздің өмір жолыңыз, еңбегіңіз өзгелерге үлгі. Біз сіздердің жеңіс жолын жақындатқан ерліктеріңізді ешқашаш ұмытпаймыз», — деген Ержан Жылқыбаев ардагерге сый-құрмет көрсетіп, ұзақ ғұмыр тіледі. Өз кезегінде Жеңістің 77 көктемін қарсы алып жатқан қарт майдангер бейбіт заман, ел тыныш болсын деп, ақ жарма тілегін жеткізіп, көрсетілген құрметке алғысын айтты.