Тепсе темір үзетін шағында мәңгі сапарға аттанып кете барған Темірлан Арзымбетовты еске алу шарасы футболдан облыстық турнирге ұласуы бекер емес. Өйткені ол жастайынан ала допты аяғында ұршықша үйіріп, футболға деген махаббаты ерекше болған. Талай сан бәсекелерде өзі тұрған 10 мөлтекаудан құрамасын өрге сүйрегені бүгінге дейін көз көргендердің есінде. Дегенмен, ол футболмен кәсіби айналыспаған. Бірақ әуесқойлар арасында оның ойын үлгісі ерекше болған деседі. Мәселен, Темірлан банк саласында қызмет етіп жүріп те сан бәсекелерде өңір намысын қорғаған. Тіпті, банк қызметкерлері арасында болған республикалық жарыстың жеңімпазы атанған.
Облыстық турнирдің ашылу салтанатында Темірлан Арзымбетов жайлы естеліктер айтылып, оның адамгершілік, ағалық, інілік, бауырлық қасиеттері сөз болды. Қарындасы Әлия Арзымбетованың ағасына деген сағынышы қағаз бетіне түсіп, ән болып өрілді. Сағынышқа толы ол туындыны қаламызға белгілі «Әуен» тобы орындап, жүректің қылын шертті. Сондай-ақ марқұмның рухына құран бағышталды. Турнирдің жоғары деңгейде өткізуіне және екінші жыл қатарынан арнайы спорталаңшамен қамтамасыз етіп жүрген Инаят Қырықбаевқа Арзымбетовтер әулеті атынан алғысы шексіз.
Мұнан соң жарыс көрігі қызды. «Айбек-арена» алаңында өткен теңбіл доп бәсекесіне облыс орталығынан өзге аудандардан бас-аяғы 20 команда қатысып, жасыл алаңда шеберліктерін көрсетті. Тартысқа толы өткен футбол бәсекесінде командалар жоғары дайындықтарымен келгендіктерін байқатты. Нәтижесінде 3 орынды «Ернұр» күзет агенттігінің құрамасы жеңіп алды. Жүлделі 2 орын Меркі ауданынан келген құрамаға бұйырды. Ал 1 орынды 10 мөлтек аудан құрамасы еншілеп, кубок иегері атанды. Жеңімпаз атанған командалар мен үздік деп танылған ойыншыларға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлық берілді.
TURANINFO.KZ