Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтында 29 маусымда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жөніндегі комиссияның отырысы өтетіндігі жөнінде хабарландыру жарияланған болатын.
Алайда аталмыш мекемеге жиналыс болады деген уақытта бас сұққанымызда басшылар тарапынан отырыстың өтіп кеткендігі жөнінде ақпарат алдық. Тараз қаласына жұмыс күші ретінде келеді делінген қытайлықтар турасындағы видео интернетте желдей есіп жүргеніне бірнеше күннің жүзі болды. Осы отырыста сол видео арқылы таралған қауесетке нақты жауап беріледі деген үміт зор болған еді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбековтың этикаға жатпайтын теріс әрекеті көңілге көп күдік ұялатты. Нақтылай кетсек, мекеме осы отырыстың өтпей қалғаны жөнінде және таралған видео мен қытай азаматтарының облыс аумағына келетіні турасындағы мәселеде ашықтық танытпай отыр. Бүгінгі күні қытай экспансиясына үлкен алаңдаушылық білдіріп жатқан халық үшін бұл жағдай отқа май тамызғанмен бірдей әсер ететіні белгілі.
Бұл ретте аталмыш мәселеде қандай да бір іліктің бары, осы себепті мемлекеттік органның өкілі босағасынан аттатпай, сұрақтарымызға мардымды жауап бермей отырғанын байқау қиын емес. Тараз қаласына Қытайдан келетін жұмыс күшіне қоғамдық бақылау жүргізуге мүмкіндік берілмей жатқаны аңғарылады. Кейіннен облыс әкімдігінің сайтында комиссия отырысы кворумның болмауына байланысты өтпей қалды деген ақпарат жарияланды. Бұл сылтау ма әлде мәселені жылы жаба салудың өзгеше әдісі ме? Түсіне алмадық… Қалай болғанда да халық арасындағы бүгінгі күні өршіп тұрған үрейді сейілту үшін мүдделі мекемелер аталмыш мәселеге қатысты ресми түрде үн қатулары тиіс деген ой айтқымыз келеді.
https://www.facebook.com/islambek.dastan/videos/1730449050337631/