Тәуелсіздік күні Тараз тұрғындарына ерекше сый жасалды. Шаһарда бірден екі бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Олардың бірі Қарасу ықшамауданында орналасқан. Мұнда №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері жаттығатын болады. Екінші кешен Шалғай Қарасу массивінде бой көтерді. Нысан «Жекпе-жек» кәсіпқой спорт клубының балансына өткізілді.
Кешендердің ішінде футбол, баскетбол, воллейболға арналған әмбебап зал, күрес пен тренажер залдары бар.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды Тәуелсіздік күні мен спорт нысандарының ашылуы сынды қос қуанышпен құттықтады.
— Жамбыл жері – талай спорт тарландарына қанат бітірген киелі мекен. Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев есімдері әлемге әйгілі. Біздің спортшылар ел намысын халықаралық ареналарда сәтті қорғауда. Осы спорт кешендері де олимпиада чемпиондарының кезекті толқынын өсірсін деп тілеймін. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастарды қолдауға айырықша мән беріп келеді. Осы жылдары талай жұмыстар атқарылды. Қазір де жастардың бойында спортқа деген құштарлықты ояту үшін барымызды салып келеміз. Осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешендері аудандарда да ашылып жатыр, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Қарасу ықшамауданындағы спорт кешенінің алдында демалыс аймағы салынатын болады.
Қос қуанышқа қарай ізгі тілектерін ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмахан Нұғманов пен 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов те жеткізді.
Аймақ басшысы кешендерді аралап көріп, жас спортшылармен тілдесті. Оларға сәттілік тілеп, сыйлық ретінде доптарды тарту етті.
Ал дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа нысандардың күнделікті жұмыс істеуі мен ғимараттың күтіп ұсталуын бақылауды тапсырды.
Дзюдо жаттықтырушысы Оразалы Ермекбаевтың сөзінше, қазірдің өзінде мұнда 70-80 бала жаттығуға кеп жүреді екен.
— Балалар бұл залды қатты ұнатып қалды. Іші жылы, жарық, ең бастысы, ыңғайлы. Бұл спортшылар үшін үлкен сый. Спорттың дамуына зор ықпал етері сөзсіз,- дейді ол.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі