Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. Бұрын әйел теңдігі ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол гендерлік теңдік деген үлкен саясатқа ұласып,
мемлекет басшысының қолдануымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң қабылданды. Жалпы, гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық саласында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді. Қазіргі кезеңде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық саласында гендерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде, кең көлемде жұмыстар жүріп жатыр. «Отбасы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық зомбылықтың алдын алу жұмысы күшейтілді.
Десек те, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі толық шешілмеген. Сарапшылардың айтуы бойынша, еліміздегі әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа, әрбір жетіншісі – физикалық, әрбір тоғызыншысы – экономикалық және әрбір оныншысы сексуалдық зорлық- зомбылыққа ұшырайды. Күйеуінен зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, ол жайтты жасырып қалады. Шағым түсіруге күйеуім қысымды күшейтеді деп қорқады да, көп жайт отбасының айналасында қалып қояды. Елімізде неке қию саны төмендеп, есесіне ажырасулар саны өсіп барады. Соның салдарынан толық емес отбасылар құрамында жалғызбасты аналардың саны басым.
Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Құқық қорғау органдарында оған қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды.
Жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нәзік жанжылар көбірек ұшырайды. Әйелдерге қатысты кемсітуді жою мақсатында Қазақстан Республикасы 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ Конвенциясына қосылып «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекітті.
Қазіргідей дамыған заманда тіршілік тірегі – әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын басты мәселе болып саналады. Соған қарамастан әйелдер қауымының 40-60 пайызы отбасында, сонымен қатар, кездейсоқ жағдайындағы озбырлыққа ұшырайды.
Әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстардың басты себептері: сезікті мен зәбір көрушінің бірігіп спирттік ішімдікті асыра ішуі, маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп, бірігіп шешім табу жолын білмеу, ер мен әйел арасындағы бірін-бірі жек көрушілік сезімнің басым болуы, зәбір көрушінің сезіктіге заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуі, тұрмыс тіршілігінің төмен болуы.
Біраз уақыт жаны ауырып, күйзелісте жүрген, отбасындағы күйеуі немесе басқа да жақындары тарапынан қысым көрген әйел қылмыс жасауы мүмкін. Осындай жағдайлардың салдарынан әйел қолымен жасалатын қылмыс түрлері де артып отыр.
Бүгінгі таңда қоғамда психологиялық ахуал тұрақсыз болғандықтан, үнемі күйзелістің үстінде жүретін әйелдер көп. Ал, олардың барлығының бірдей ақылы психологтың кеңесін алуға мүмкіндігі бола бермейді. Осындай салдармен күреспегеннен кейін әйелдер тарапынан қылмыстар орын алады. Отағасы күн сайын арақ ішіп келіп, әйелін ұрып, бала-шағасының берекесін қашыра берсе, әйел не кетіп тынады, не қылмыс жасайды.
Оның ішінде адам өлтіру немесе тапсырыс беру, есірткі затын тасымалдау сияқты аса ауыр қылмыстарға барған нәзік жандылар да бар. Айтылған мән-жайларды растау үшін, статистикаға сүйене отырп, мысал кетіретін болсақ, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2021 жылдың 9 айында аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 88 тұлға сотталған болса, соның 4-і нәзік жандылар. Оның ішінде, 3 тұлға жеке адамға қатысты аса ауыр қылмыстар жасаған деп айыпталған, яғни, кісі өлтіру баптары бойынша.
Бұл санатпен қаралған істер бойынша әйелдердің қылмысқа бару себептерін саралап, талдау жасап, іс бойынша болған оқиғаларды зерделеу нәтижесін жинақтап қорытындылайтын болсақ, әйелдердің бұндай қылмысқа баруының басты себеп-салдары көп жағдайда бір-біріне ұқсас келеді, яғни,жоғарыда атап өткендей, әйел адамға қатысты зорлық-зомбылық көрсетудің нәтижесінде орын алған.
Істің сотта қаралу барысында сотталушының тағылған айып бойынша қылмыс жасау кезіндегі іс-әрекеті, мінез-құлқы, қылмысқа баруының себеп- салдары сот тергеуінде жан-жақты тергеліп, анықталып, баға беріледі. Орын алған қылмыс бойынша баяндалып өткен дәлелдемелердің жиынтығыменанықталған дәйекті деректерге сүйеніп, қылмыстық заң аумағында баға беріп, сотталушының іс-әрекеті дәрежеленеді. Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің дәрежесін, сондай-ақ нақты қылмыстық әрекет (кінәнің түрі, себебі, тәсілі, жасаған қылмыстық жағдайы мен кезеңі, оданболған ауыртпалығы т.б.) жағдайларының барлығына тоқталып, негізделіп, сәйкесінше жаза тағайындалады.
Жасалған қылмыстардың орын алу себептерінің нәтижесінде нәзік жандылардың қасақана қылмысқа барғандықтары өз дәлелдерін тауып, айыпталған баптары бойынша тиісінше бас бостандығынан айыру жазаларытағайындалып, түзеу колонияларына жазаларын өтеу үшін жіберілген. Осындай жағдайларға баратын нәзік жандылардың кесірінен олардың ұл-қыздары балалар үйіне жіберіледі, балалардың жетім қалуымен шектелмей, олардың болашағына зиян келтіреді. Жоғарғы оқуға түсерде немесе мемлекеттік қызметке орналасарда туыстарының сотталғандары туралы мәліметтер көрсетіледі. Ол әрине жеткіншектерге кері әсерін тигізеді.
Сөз соңында айтар тілек, қай халық болмасын, әйел затына ықыласпен қараған, қазақ халқында әйелдің орны ерекше, ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Еразаматтарымызға: отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы – әйел затын аялайық дегіміз келеді. Ал, әйел азаматшаларға айтарымыз, сіздер,бұдан да жақсы өмір сүруге, бақытты ана, сүйікті жар болуға лайықтысыздар. Егер, құқықтық психологиялық көмекті қажет етсеңіздер, қамығып, іштен тынбай, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіздер.
Райхан Ратова, Жамбыл облысы бойынша
қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің бас маманы