Бүгін ХХ ғасырдағы қазақ халқының ішінен шыққан көрнекті саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлұлының туған күні.
«Көрнекті тұлғалар туған елінің бағына немесе сорына орай туады» деген қазақта сөз бар.
Аумалы-төкпелі, қым-қиғаш қиын заманада елінің сорына емес, бағына орай дүниеге келген Тұрардың 1894 жылдың 26-шы желтоқсанында Алматы облысындағы Талғар өңірінде кіндік қаны тамғанын көпшілік біледі.
Бүгін саяси қайраткер, тарихи тұлғаға қатысты арнайы қалам сүйкеп отырғандықтан, мен де Тұрардың замандастары, алаш қайраткерлері, қазақ халқының мақтаныштарына айналған көрнекті тұлғаларының естеліктерімен бөлісе кетуді жөн көріп отырмын.
Отандық тарих ғылымында шоқтығы биік ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің (Алаш қозғалысы) және елге белгілі алаштанушы ірі ғалым, алаш ұранды жазушы Тұрсын Жұртбайдың (Ұраным Алаш) атты құжаттық материалдардан құралған қомақты ғылыми еңбектерінен көп тарихи деректерден хабардар боламыз.
Ташкентте алашордалықтарды С.Қожанұлы және Н.Төреқұлұлымен қатар Т.Рысқұлұлының да жақсы қарсы алғандығын М.Дулатұлының естелігінен байқауға болады.
Мәселен, М.Дулатұлы 1929 ж. 3 қаңтарындағы көрсетуінде Ташкентке келіп, жұмысқа орналасқан алашордалықтардың тізімін келтіреді. Олар: Досмұхамедұлы Хәлел, Досмұхамедұлы Жаһанша, Есболұлы Мырзағазы, Қашқынбайұлы Иса, Жәленұлы Кәрім, Көпжасарұлы Ескендір, Тынышбайұлы Мұхамеджан.
Досмұхамедұлы Хәлел – жоғары оқу орнында мұғалім;
Есболұлы – Егіншілік Халкомында коллегия мүшесі;
Қашқынбайұлы – Полтарцкий ауруханасында дәрігер;
Көпжасарұлы – Әлеуметтік қамсыздандыру Халкомында қызметте;
Тынышбайұлы – теміржол бөлімінде инженер.
Сондай-ақ сәл кейін бұл аталған кісілерге Бірімжанұлы Ғазымбек пен Жүсіп Ахметсафаның келіп қосылғанын айтады.
«Рысқұлұлы Тұрарды 1921 жылы жазғытұрым көрдім. Рысқұлұлы Ташкентке Мәскеуден келді. Ол кезде Рысқұлұлын жамандаушылар көп болатын. Рысқұлұлының жолдастарын да жек көретін. Рысқұлұлына Қожанұлы мен Төреқұлұлы да қарсы болатын. Сафаров сөз сөйлесе, газетке мақала жарияласа, Рысқұлұлын атамай кетпейтін. Бірақ біз, айрықша мен өзім, Рысқұлұлы мен Қожанұлы арасында қандай негізгі келіспеушілік барлығын біле алмайтынбыз. Бірімжанұлы Ғазымбектің Бұхарадағы Зәки Уәлидидің үйінен келгенде сөз арасында маған айтқаны: Зәки Уәлиди Рысқұлұлымен таныс болса керек. «Рысқұлұлы бір көрген адамға мәнсапқұмар адам секілді көрінеді, бірақ дұрысында олай емес деп» мақтап отыр деді. Міне, содан кейін Ташкентке Рысқұлұлы келген соң оны көріп танысқым келді. Қандай адам екен деп қызықтым. Бір күні Әділұлы Дінше екеуміз Рысқұлұлының пәтеріне бардық. Рысқұлұлымен көп сөз сөйлескеніміз жоқ, «Түркістанда газет жоқ еді, жақсы-жаман болса да «Ақ жол» газетінде қызмет етіп тұр екенсің, жақсы болған» дегенді айтқаны есімде, жаңа хабар сөйлеген жоқ, біраз отырып, шығып кеттік. Мұнан соң Рысқұлұлын 1926 жылы Қызылордада көрдім. Ол Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі болып тұрған кезде, онда сөйлескеміз жоқ. Одан соң Рысқұлұлымен кездескен емеспін» деп жауап берген екен 1929 жылдың 3 қаңтарында ОГПУ тергеушілеріне алаш арысы Міржақып Дулатұлы.
«Мен Рысқұловпен тікелей қатынасқан емес едім. Ол мен қатынасқан Ташкенттегі ұлтшылдар жиналысында болған емес. …Рысқұловтың өзі қатынасқан бір кездесуде сөйлеген сөзі ғана есімде қалыпты.Ол дәрігер атағын алған бірінші қазақ әйелі Аққағаз Досжанованың құрметіне ұйымдастырылған банкетке байланысты еді. Қожановтың үйінде өткен осы банкетте Рысқұлов ұлтшылдық ұстанымдағы мынандай жарқын ой айтты: «Социалистік революция біз үшін мақсат емес, қазақтың ісін жайғастыруға мүмкіндік беретін құрал ғана. Ешқандай да революция, ешқандайда саяси партия бізге өзіміз қалағандай бостандық пен билік еркіндігін бермейді. Ондай мүмкіндікке қол жеткізу өзімізге байланысты, қандай жағдайда қандай күшке сүйеніп тарих сахнасына шығуды өзіміз шешуге тиіспіз» деген пікірін айтады алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлы 1938 жылдың ақпанында ОГПУ тергеушілеріне. Сондай-ақ осы күнгі тергеуде тағы да Мағжан ақын: «1922 жылы Ташкентке Нәзір Төреқұлұлының шақыртуымен келгенде Түркістан өлкесінің қожайындары Рысқұлұлы мен Қожанұлы екен, қырсық шалғанда тағдыр бұл екеуін өзара жау етіпті, дегенмен екеуінің да табанары бір құдірет – ұлтшылдық идеясы болғандығын, Рысқұлұлына кеңес беретін, бажасы Жаһанша Досмұхамедұлы, ал Қожанұлы үшін бұл рөлді Хәлел Досмұхамедұлы атқарғандығын айтады».
«Тұрар Рысқұлов аса сақ адам болатын. Ол соңғы кездері, үнемі қазақ саяси элитасының ортасынан өзін алшақ ұстауды дұрыс көретін. Қазақстандағы жауапты қызметтегі қызметкерлерге сене бермейтін. Сондықтан да Қазақстаннан тыс Мәскеуде көп уақыт қызмет жасауды дұрыс санағандай көрінетін маған. Бір күні біз Сұлтанбек Қожанұлы мен Тұрар Рысқұлұлының арасындағы кикілжінді анықтап, екеуін татуластыру мақсатында кездесу ұйымдастырдық. Олар Қожанұлының пәтерінде кездесті. Екеуі бірін-бірін айыптап біраз әңгіменің басын қайырды. Біздің аңғарғанымыз екеуінің саяси ұстанымы мен ұлт мәселесі тұрғысында көзқарастарының алшақ емес екендігіне көзіміз жетті. Менімше екеуінің арасындағы келіспеушілік жеке бас қызмет пен мәнсаптық тұрғыда ғана алауыздық болып көрінді» деп пікір білдірген ОГПУ тергеушілерін Дінше Әділұлы.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ
Тұрар Рысқұловтың потретін қаламмен салған автор Аружан Ералиева.