Қазақстанды біз кейде Тұран Елі, Тұран Даласы деп атап жататынымыз бар. Сол Тұран даласында жарты ғасыр бұрын әлемдегі ең ірі жыртқыш Тұран жолбарысы жортып жүрді десе біреу сенер, біреу сенбес. Алайда еліміздің сол асыл атын жаңғыртып, затын қайта түлету мақсатында Тұран жолбарысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Міне, бұл қуантарлық дүние. Аталмыш мәселе 2013 жылдан бастап талқыланып келе жатыр. Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру мақсатында арнайы биологиялық орын мен мекенін анықтау мәселелері көтеріліп отыр. Талқылаулар жүріп жатыр. 2018 жылдан бастап Ауыл шаруашылық министрлігі аталмыш жобаны қаржыландыруды бастамақ. Тарихқа үңілетін болсақ бұл жануар жайлы талай сыр мен мәлімет аларымыз анық. Кезінде Балқаштың ну қамысында, Каспийдің асау толқынына қарап, Қазақ жерінің асу-асуында бұғып жүрген мәрт жыртқыш бүгінде азу тісін ақситқан қалпы мұражайларда қатып тұр. Оның қатып тұруына мына СІЗ бен БІЗ, АДАМ деп аталатын екі аяқты «саналылар» кінәліміз! Ғылыми түрде «тұран жолбарысы», кейде «Каспий жолбарысы» деп аталатын жыртқыш аңның 1954 жылы 10 қаңтарда ең соңғысы атып алынды. 1972 жылы ең соңғы мәрт жануардың терісі Түркияның Хаккария провинциясында саудаланып, солайша тұран жолбарысының саудасы бітті. Еліміздегі жолбарыстардың құрып кетуі ауыл шаруашылығын дамытумен байланысты еді. Қамыс арасын жолбарыстан тазартып, мақта өсіретін алқаптар дайындау және мал шаруашылығын дамыту мақсатында ғасырдың басынан бастап арнайы жасақтар құрылып, Сырдария, Әмудария, Балқаш пен Каспий, жалпы қамысты аймақтың барлығы да тұран жолбарысынан тазартылды. Әр жолбарыс терісіне қыруар ақша мен атақ берді, солайша құлқының қамы үшін қолға қару алғандар Қазақ даласындағы жолбарыстарды қырып салды. 1947 жылы КСРО-да жолбарыстарды атуға тыйым салынған заң шыққанымен, ол заң тұран жолбарысын құтқарып қала алмады. Біз бағасын білмеген Тұран жолбарысын тіпті Рим империясы да жоғары бағалап, көне Парсы елінен арнайы алдырған екен. Ең алғаш рет Римге б.з. 2 ғасырында әкелінген үш тұран жолбарысы гладиаторлық шайқасқа тапсырыспен алынған еді, алайда жыртқыштың түрінің қорқыныштылығы сонша (8 түрлі жолбарыс ішіндегі ең ірісі), олармен шайқасқа шығатын жан табылмай, үшеуі де торда өз ажалы жеткенде өліпті. Міне, осындай ұлы тарихқа ие жануардың қайта өз даламызда пайда боларына қуануға тиіспіз. Оны құртқан адам, енді оны қайта қалпына келтіруге міндетті. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар және халықаралық қорлар бұл жобаны қолдауға әзір отыр. Биылғы жылы 120 млн теңгені жыртқыштардың болашақ мекенін қалыптастыру үшін жұмсамақ. 2025 жылға қарай Балқаштың ну қамысында жүзге жуық жолбарыс жортып жүруі мүмкін дейді мамандар. Әрине, бұл әзірге теория ғана. Бірақ үй салмас бұрын, оның сызбасын сызып алатынымызды да ұмытпау керек. Аталмыш жобаны әйгілі актер Ди Каприода қос қолдап қолдап, қаржы аударуды да қарастырмақ екен. Олай болса іске сәт дейміз!
Дереккөз arhar.kz сайтынан