– Жалпы медицина саласына келу жолыңыз туралы баяндап беріңізші
Медицина саласына келу – бала кезден бастап жүрегімде орын алған арманым болды. Адамдарға көмек көрсету, ауыртпашылықтарын жеңілдету, олардың өмір сапасын жақсарту – мені медицинаға жетеледі. Жоғары оқу орнында білім алған соң, түрлі медициналық салаларда тәжірибе жинақтап, өзімді жетілдіре бердім.
– Саладағы басты миссияңыз қандай?
– Менің басты миссиям – науқастарға тек медициналық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар олардың көңіліне өмірге деген сенімді қайта ұялату. Денсаулықты қалпына келтірумен қатар, рухани күш беруді де маңызды деп есептеймін.
– Оңалту орталығының жұмысын жүргізу барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп жатырсыздар?
Қиындықтардың бірі – заманауи медициналық құрал-жабдықтардың қымбаттығы және кейбір аймақтарда қолжетімді ресурстардың шектеулі болуы. Білікті мамандарды дайындау және оларды жұмысқа тарту мәселесі де бар.
– Көп жылдар түрлі салада қызмет атқарған екенсіз. Солардың ішінде ең күрделісі қай қызмет болды?
– Ең күрделі қызметтердің бірі – онкология саласындағы жұмысым болды. Бұл салада науқастардың жағдайы физикалық ауыртпалықтан бөлек, психологиялық дағдарыстармен де күрделі. Оларға ем беріп қана қоймай, рухани қолдау көрсету үлкен жауапкершілікті талап етеді.
– Жекеде жұмыс істеу мен мемлекеттік қызметте жүрудің қандай айырмасы бар екен?
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу барысында жүйелі ережелер мен шектеулерге көбірек тәуелді боласыз, ал жеке секторда жұмыс істеу мүмкіндіктер мен жауапкершілікті қатар алып жүруді талап етеді. Жеке секторда икемділік пен инновацияларға бейімділік жоғарырақ.
– Ұлттық онкология орталығында да қызмет етіпсіз. Қазір басқарып отырған оңалту орталығында осы дертке шипа іздеп келетіндер көп пе?
– Иә, ұлттық онкология орталығында қызмет еткен тәжірибем маған онкологиялық дертке шалдыққан науқастардың қажеттіліктерін терең түсінуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда басқарып отырған мамандандырылған оңалту орталығымызға онкологиялық аурудан емделіп шыққан, бірақ толық қалпына келуді қажет ететін науқастар жиі жүгінеді. Бұл дерттен кейінгі оңалту – өмір сапасын жақсарту үшін өте маңызды кезең. Біз денсаулықтың физикалық, эмоционалдық және психологиялық аспектілеріне көңіл бөле отырып, әр науқасқа жеке бағдарлама ұсынамыз. Сонымен қатар, ақыл-кеңес сұрап келетіндер де көп. Олар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алып, оңалту жолдарын түсініп, сенімді қадам жасауға мүмкіндік алады.
– Орталыққа келетін науқастардың статистикасын қарап қандай аурулардың көбейіп бара жатқанына алаңдайсыз?
– Бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, буын аурулары және жүйке жүйесі ауруларының көбейіп бара жатқанын байқаймыз. Бұл көбінесе заманауи өмір салтымен, дұрыс тамақтанбаумен және қозғалыс белсенділігінің аздығы салдарынан болатын аурулар.
– Орталықтың жалпы мақсаты қандай? Қандай мақтаулы медициналық техника, құралдар бар?
– Біздің мақсатымыз – пациенттерге жоғары сапалы оңалту қызметін көрсету, олардың денсаулығын қалпына келтіру және өмір сапасын жақсарту. Орталықта заманауи физиотерапиялық құрылғылар, электротерапия, магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, кинезотерапия, механотерапияға, жалпы алғанда медициналық оңалтуға арналған барлық құрылғылар бар. Роботтандырылған оңалту құралдары да бар.
– Орталық жұмысын жандандыруға мемлекеттен қандай да бір субсидия түріндегі көмек аласыз ба?
– Орталықтың басшылық қызметінде жұмыс жасағаныма екі жыл толды. Бірақ, мемлекеттен қандай да бір субсидия алған жоқпыз. Орталық жұмысын жандандыруға және орталықтың материалдық техникалық базасын жетілдіруге, дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру мақсатында орталықтан 2023-2024 жылдары екі түрлі жоба әзірледік. Бұл жобалар қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан қолдау тауып, жүзеге асырылуда. Бірінші жоба бойынша орталықтың төрт дәрігер, бес орта буынды медицина қызметкерлері Литва мемлекетінде білімін жетілдірді. 300 миллион теңгеге орталыққа заманауи медициналық-оңалту құрылғылары алынды. Қазіргі таңда пациенттердің қолдануына берілді. Екінші жоба бойынша орталықтың бірінші қабатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту бөлімін ашу жоспарлануда.
– Әңгімеңізге рақмет!