Осы бағытта белсенді жұмыс істеп келе жатқан ұйымдардың бірі – «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы. Ұйымның өңірлік жетекшісі – Қасымхан Төлендиев Естемесұлы.
Қозғалыстың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті бастамашылық еткен реформаларды қолдау, қоғамды жемқорлықпен күреске жұмылдыру, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастық орнатып, лауазымды тұлғалардың қызмет бабын теріс пайдалану фактілерін анықтауға және олардың алдын алуға ықпал ету. Сонымен қатар, ұйым қоғамдағы жемқорлықты тудыратын себептер мен алғышарттарды саралап, арнайы талдаулар жүргізіп келеді.
«ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы филиалы аталған мақсаттар аясында бірқатар мазмұнды әрі маңызды бастамаларды жүзеге асырып отыр. Солардың бірі – «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты республикалық жобаны іске асыру. Ауқымды бастама 17 облысты және Астана, Алматы, Шымкент қалаларын қамтып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әділеттілік қағидаларын санаға сіңіруге бағытталған.
Ұйым тек ағартушылық жұмыстармен шектелмей, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру үшін ғылыми зерттеулер жүргізеді. Осы зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, нақты ұсыныстар әзірленіп, олар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Парламентіне және Үкіметіне жолданды. Бұл – қоғамдық бірлестік пен билік арасындағы тиімді кері байланыстың және азаматтық бастаманың нақты көрінісі.
«ЖАҢАРУ» қозғалысы қоғам мүшелерін әділеттілік, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарына бейімдеуді көздейді. Ұйымның Жамбыл облысындағы филиалы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, жастардың санасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, ел болашағына жауапты көзқарас орнықтыруға бар күшін салып келеді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.