Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Тиісті заң жобасымен 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіліп отыр. Түзетулердің басым бөлігі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.
«Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу. Бұл — профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты — қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізілімге енгізуге негіз болмақ. Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім агенттіктің сайтында орналастырылатын болады. Тізілімді жүргізуді агенттікке бекіту көзделіп отыр», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Бұл заң қабылданған жағдайда тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілетін болады. Тізімде жемқорлардың аты-жөні, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған уақыттағы жұмыс орны мен лауазымы, жемқорлық қылмыс құрамы, айыптау үкімінің деректемелері және тағайындалған жаза түрі көрсетілуі мүмкін.