Жаңа қабылданған, 15 баптан тұратын, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына негізделген судьялардың Әдеп кодексі судья үшін тәртіптік әдеп стандарттарын белгілейді, олардың адамгершілігіне, ұстамдылығына және моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылған.
Әдеп кодексі заман талабына сай судьяларға қойылатын жаңа талаптардың қатаңдығын аңғартады, ол азаматтардың сотқа сенімділігін, сот әділдігіне қолжетімділікті арттырады.
Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс–тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтап, заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс. Судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етуге тиіс.
Судья нақты сот ісі бойынша іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, прокурормен, адвокатпен, өзге де мүдделі адамдармен процестік және өзге де заңнамада көзделмеген кез келген қарым-қатынас деп түсінілетін процестік емес байланыстарды, егер осы іс-әрекеттер судьяның объективтілігіне және бейтараптылығына негізделген күмәннің туындауына алып келуі мүмкін болса, болдырмауға тиіс.
Әрбір адамның жағымды бейнесі оның тек кәсіби қасиеттерімен ғана шектелмейді. Сондықтан, судьялардың Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі – сот саласы қызметкерінің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, азаматтардың қоғамда сот әділдігін жүзеге асырушы өкілдері туралы оң пікір қалыптастыру.
Судьялар әдеп кодексінің талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау әрбір судьяның қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті болып саналады.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Л.Ильясова