Соттарда «Электрондық цифрлық қолтаңба алу» жобасы іске қосылды
Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы — «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Данияр Медетбеков арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап Тараз қалалық сотында «Соттарда электрондық цифрлық қолтаңба алу» жобасы іске қосылған болатын.
Жобаның басты мақсаты — электрондық сот өндірісін дамыту, сот төрелігін қолжетімді ету, қағаз құжат айналымын азайту болып табылады.
Осы қызметті пайдалана отырып, азаматтар сот ғимаратында орналастырылған «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің қызметкеріне жүгініп, электрондық цифрлық қолтаңба алады және қолтаңба арқылы «Сот кабинеті» сервисін пайдалана отырып, өз талап-арыздарын сот органдарына жолдайды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында тараптар пилоттық жоба жұмысы бойынша түйінді мәселелерді талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.