Бұрын осы тектес қылмыстары үшін сотталған О. жазаны өтеу орнынан босатылғаннан соң, өзіне тиісті қорытынды шығармай, түзу жолға түспей, Тараз қаласының аумағында тұрып, халық денсаулығына және имандылығына қарсы аса ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасады.
25.11.2023 жылы 13:56 сағат шамасында полиция қызметкерлерімен О.-ның тұрғылықты жерінде тінту жүргізу барысында салмағы 5,45 грамм, яғни аса ірі мөлшердегі «героин» есірткі заты алынды, атап айтқанда кіреберіс бөлмедегі сөренің екінші ұяшығында сіріңке қорабында төрт алдын ала оралған пакет және қонақ бөлмесінің шкафындағы үшінші сөресінде сіріңке қорабында төрт алдын ала оралған пакеттердегі есірткі затты ол сату мақсатында сақтаған.
Прокурор О.-ға 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы О. оған ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігің 3) тармағымен тағылған айыпты мойындамады.
Басты сот талқылауы барысында істің барлық мән-жайларын талдап, дәлелдемелердің қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы тұрғысынан, сондай-ақ жиналған барлық дәлелдемелердің жиынтығын істі шешу үшін жеткілікті деп бағалап, сот сотталушының кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді.
Сотталушы О.-ң қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот жасының үлкендігін және балалардың болуын санап, ал ауырлататын мән-жайлар ретінде қауіпті рецидивтің болуын анықтады.
Сот үкімімен О. ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігің 3) тармағы бойынша өтеуге 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. О.-ның әрекетінде қауіпті рецидив танылды, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарынан (ауруларынан) мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі