Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту»,-деп Елбасымыз өзінің Жолдауында қазақ тілі мәртебесін белгілеп, басты міндет тіл мәртебесін көтеру екенін айқындап берді.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы – сот төрелігін жүзеге асырудағы басты аспектілердің бірі болып табылады. «Тілдер туралы» Заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі»,-деп көрсетілген.
Сот ісін жүргізу тілінің мәні өте зор, өйткені сот ісін жүргізу тілі қағидатын іске асыру арқылы азаматтардың қай ұлтқа қарамастан сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасында сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сонымен бірге орыс тілі ресми түрде қолданылады, қажет болған жағдайда басқа тілдер де қолданылады. Басқа тілдерді қолданудың қажетті жағдайларына іс жүргізу әрекеттерін орындау және белгілі бір тілде шешімдер қабылдау сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ететін жағдайлар кіреді.
Сондықтан, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды. Құқықтық тұрғыдан сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу нормасы жоғары тұруы тиіс. Қазақстанда сот ісін жүргізу тілі қазақ тілінде деп нақты айту қажет. Қазақстан унитарлық (біртұтас) мемлекет.
Ендеше, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу үшін ешқандай қысыр сөз, дау-дамай туындамауы керек. Жалпы, бұл мәселе Жоғарғы Сот тарапынан тұрақты бақылауда. Сондықтан, бірінші сатыдағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудағы қызметін тексеру барысында істерді мемлекеттік тілде қарау барысы тексеріліп тұрады.
Тараз қаласының № 2 соты