Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев баяндады.
Екінші жоба — Алматы агломерациясы үшін транзиттік маңызы зор, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Шамалған стансасындағы автомобиль жол айрығы қыркүйек айында іске қосылады.
Үшіншісі — еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық «Мерке – Бурылбайтал» автожолы пайдалануға беріледі.
Төртінші. Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1,3 мың метрлік көпірдің құрылысын да осы жылы аяқтау жоспарланған. Жаз мезгілінде паром арқылы, қыс мезгілінде мұздың үстімен жүретін тұрғындар үшін көпірдің ашылуы қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді.
«Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін халық иелігіне тапсырылатын болады», — деді М. Қарабаев.
Тағы бір жоба — Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту мақсатында ұзындығы 245 шақырым болатын «Казталовка – Жәнібек» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары да осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталатын болады.