ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде ведомство басшысы С.Брекешевтің Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Маджид Самадзаде Сабер мырзамен кездесуі барысында Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау туралы негіздемелік конвенцияның мәселелері талқыланды.
Тараптар ағымдағы жылдың қазан айында Әзербайжанда Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенциясының Уағдаласушы Тараптар Конференциясының алдағы алтыншы сессиясын өткізу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, кездесу барысында геология мен су шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мәселен, Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы халықаралық келісім шеңберінде 2015-2023 жылдарға арналған «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, 2-фаза» жобасы іске асырылуда.
Аталған жоба бойынша жұмыс «Садд Ариана туннелі» ЖАҚ (Иран) компаниясымен бірлесіп жүргізілуде. Аталған Компания 31,5 мың га алқапта суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін және мелиорациялық жай-күйін жақсарту мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстарын (ирригациялық инфрақұрылымды реконструкциялауды) орындайды.
Кездесу барысында Экология министрі аталған жоба бойынша тиісті жұмыстар жалғасатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, Елші Маджид Самадзаде Сабер Иран тарапы биылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында ирандық компаниялардың қатысуымен Жер қойнауын пайдалану және су ресурстары мәселелері бойынша форум өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар су және геология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды талқылау бойынша сарапшылар деңгейінде кездесулер өткізуге келісті.