Бұл жобалар қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсетуді, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған иппотерапия
Мәселен 21–30 мамыр аралығында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеуге бағытталған әртүрлі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу» жобасы аясында Сарысу ауданында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін 10 күндік емдік иппотерапия ұйымдастырылды. Емдік шараға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұрған 17 бала қатысты. Атпен серуендеу арқылы жүргізілген бұл терапия балалардың денсаулығын нығайтып, психо-эмоционалдық жағдайларын жақсартуға ықпал етті. Ата-аналар мен мамандар бұл шараның жоғары тиімділігін атап өтті.
Жастар нашақорлыққа қарсы
Ал 22 мамыр күні «Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу мақсатында іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында Жаңатас қаласындағы мектептерде «Нашақорлық — қоғам ауруы» атты эссе байқауы өткізілді. Байқауға белсенді қатысқан оқушылар қоғамдағы өзекті мәселеге қатысты өз көзқарастарын шығармашылық жолмен жеткізе білді. Байқау қорытындысы бойынша Шоқан Уалиханов атындағы мектептің оқушысы Сеңгірбек Альфия бірінші орынға ие болып, мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Таза өмір – таза сана» дөңгелек үстелі
Сонымен қатар, 28 мамыр күні Жаңатас қаласының орталық мәдениет үйі жанындағы Коворкинг орталығында «Таза өмір – таза сана» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара барысында нашақорлықтың алдын алу жолдары мен оның жастарға кері әсері туралы кең көлемде талқыланды. Дөңгелек үстелге Сарысу аудандық мәслихат депутаты Б. Балғабай, «Байтақ» партиясының аудандық төрағасы Е. Топжарғанов, Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары М. Бегеев, аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары мен медия орталықтың директоры С. Жанқожаев қатысты. Қатысушылар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына қоғам болып қолдау көрсету керектігін атап өтті.
Аталған шаралар аудан халқының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін нақты қадамдар ретінде бағаланды.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.