Жамбыл облысы, Сарысу ауданының 26 жастағы тұрғыны сотқа өзінің туу фактісін заң жүзінде ресми растау туралы өтінішпен жүгінген.
Ол талап қоюында 1998 жылдың 6 ақпанында шопандар отбасында дүниеге келгенін көрсеткен.
Анасы оны үйде босанған, сондықтан дәрігерге жүгінбеген, Туу туралы куәлік алмаған.
Медициналық мекемеде босанбағандықтан оған АХАЖ органдарынан тіркеу жүргізілмеген және ешқашан құжаты толтырылмаған.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ы медициналық ұйымнан туу туралы құжаттың болмауына байланысты тіркеуден бас тартылған, өтініш иесі туу туралы фактіні тек сот шешімімен ғана анықтай алатыны атап көрсетілген.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 187-бабының 1-бөлігіне сәйкес, баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.
Ауылдық округ әкімі өтініш берушінің жеке басын анықтау жөніндегі комиссия құрып, оның жасын анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген.
Қорытындыға сәйкес, арыз берушінің физикалық дамуы 24-25 жасқа сәйкес келеді.
Сотта арыз берушінің туу фактісін растайтын дәлелдемелер, оның ішінде профилактикалық екпелердің медициналық картасы, мектептен анықтама, ауылдық округ әкімі аппаратының үй шаруашылық есепке алу дәптерінің мәліметтері көрсетілген хаты қаралды.
Сонымен қатар сотта арыз иесінің туу фактісін растаған куәлерден, сондай-ақ босану кезінде қатысқан адамдардан жауап алынды.
Сот сенімді дәлелдер негізінде арыз берушінің туу фактісін растады, бұл оған қоғамдық және құқықтық өмірге толық қатысуға мүмкіндік береді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Жамбыл облыстық соты