Бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің бірі – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету болып табылады. Осы тұрғыда Сарысу ауданының полицейлерімен алдын алу іс-шаралары күшейтілуде.
Ағымдағы жылдың төрт айында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Сарысу ауданы аумағында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 43,8%-ға төмендеді. Сондай-ақ, көшелерде жасалған қылмыстар – 11,1%-ға, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 66,7%-ға азайған. Ал, бұрын cотты болғандармен жасалған қылмыстар саны – 34,8%-ға және адамдар тобымен жасалған қылмыстар 84,2 %-ға төмендеп отыр.
Бұл ретте құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлерімен 1581 әкімшілік хаттама толтырылды.
«Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында талдау жұмыстары жасалынып, қазіргі таңда бұзушылық көп орын алатын жерлерге полицияның кешенді күштері күшейтіліп, патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. Халық көп шоғырланатын сауда орындары, автобекет, орталық базар, кафелер мен азық-түлік дүкендерінің маңына және қараңғы мезгілде мөлтек аудандардың ішіне патрульдер күшейтілді, учаскелік инспекторлардың әкімшілік аймақтарын күніне бірнеше мәрте аралап жүруі тапсырылып, қатаң қадағалауыма алынды»,- деп атап өтті Сарысу АПБ бастығы Асхат Алметов.