Таразда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Салауатты келешек: оқушылардың денсаулығын нығайтудың негізгі бағыттары» атты облыстық форумы өткізілді.
Облыстық форумның жұмысына Жамбыл облысы прокуратурасының, облыстық полиция департаментінің, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармасының басшылары мен өкілдері, республикалық психикалық денсаулық саласының мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, суицидологтар, білім беру ұйымдары мен аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, психологтар мен әлеуметтік педагогтар, әдіскерлер, ата-аналар комитетінің төрағалары, барлығы 550-ден астам адам қатысты. Форумның жұмысы қазіргі заман отбасындағы бала тәрбиесі мәселесінің ерекшеліктерін жан-жақты талқылай отырып, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы, бала денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар және отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу, бала тәрбиесіндегі ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізудің жолдары, балалар мен жасөспірімдердің ментальді денсаулығы, тәуелділіктің биопсихоәлеуметтік моделі, кәмелетке толмағандардың деструктивті мінез-құлқын алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, облыстағы бала құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері, кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті бұзушылықтар және суицидті превенциялау шаралары туралы, жасөспірімдердің синтетикалық, психоактивті заттарды пайдалану салдарынан пайда болатын психотикалық бұзушылықтарды алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұлттық тәрбие беру туралы тұжырымды пікірлер ортаға салынып, талқыланды.
Форум барысында «Оқушылардың денсаулығын нығайтудың негізгі бағыттары» атты көрме қойылып, отбасы құндылықтары туралы видеороликтер мен фотосуреттер презентациясы көрсетіледі.
Іс-шараның соңында барлық қатысушылар форумның үндеуін қабылдады.