Бәрімізге белгілі қаңтар айының басында Елбасы жарлығымен Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы әкімі болып тағайындалды. Жұмысын облыстың тыныс-тіршілігімен танысудан бастаған әкім нысаналы индикаторларды қайта бекітті. Осы тұста облыстық бюджеттен 18 млрд теңгені қайта қарау керектігі жөніндегі ақпарат ел назарын аударды. Ол қалай? Мысалы бір мектепті 800 млн теңге бөлінсе, шындығында сол мектепті 400 млн теңгеге соғуға болатындығы дәлелденіп, жобалық сметалық құжаттар қайта қаралды.
Облыста бүгінгі таңда 299 жобалық-сметалық жұмыстары (ары қарай — ЖСҚ) әзірленуде. Оның ішінде, алдын ала құны анықталған 133 жоба бойынша іс-шара талаптарына сәйкес жүргізілген талдау нәтижесінде 18 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделді. Бұл, біріншіден, жобалық сметалық құжаттарды оңтайландыру. Екіншіден, бір қатар мәселе бойынша коммуналдық меншіктегі пайдаланылмай бос тұрған ғимараттарды бейімдеу есебінен іске асырылады.
Жобалық сметалық құжаттардың құнының жоғары болуының тағы да бір факторы — сәулет жоспарлау тапсырмасының басынан дұрыс әзірленбеуі болып табылады. Оның алдын алу мақсатында іс-шарада жоспарланған құрылыс нысанының инфрақұрылымға қосылу нүктелерінен қашық болмауы, орналастыратын аумақтың дұрыс таңдалуы, техникалық шарттардың қолданыстағы инфрақұрылым жүйелеріне сәйкес болуы туралы талаптар қарастырылған. Бүгінгі таңда келісім шарттарда кепілдік мерзімі 3 жыл болса, іс-шараға сәйкес 5 жылға ұзартылып, мердігердің жауапкершілігі күшейтіліп отыр. Мердігер кепілдік мерзімі ішінде қолданыстағы нормативтерге сәйкес пайдалану нәтижесінде орын алған нысанның барлық кемшіліктері мен ақауларын өз қаражаты есебінен жоюға міндетті болады. Нысанда кемшіліктер мен ақаулар кепілді мерзім ішінде анықталған жағдайда, мердігер тапсырыс берушіге кепілді мерзіміндегі жылға байланысты нысанда пайда болған кемшіліктер мен ақаулықтарын жою үшін қажетті жұмыстар мен тауарлардың құнынан бірінші жылы — 20%, екінші жылы — 15%, келесі жылдарда — 10% тұрақсыздық төлемін төлейді. Мердігердің жауапкершілігіне қатысты бұл талаптар жаңадан енгізіліп отыр.
Ал нысаналы индикаторларда 9 айда 82 млн 459 мың теңге болса, орындалғаны 71 млн 960,4 мың теңгені құрайды. Ал пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі бойынша 9 айда 322,9 кв.м берілу керек болса, 395,4 кв.м пәтер берілген.
Бюджет заңнамасының орындалуының тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес бюджет қаражаты оңтайландырылды. Облысқа Асқар Исабекұлы басшы болып келмегенде осыншалықты қаражат біраз тұлғаның қалтасында кетер еді. Ел қаражатын шашауынан шығармайтын басшылар көп болсын тілейміз.
Исламбек Дастан