«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы ақпараттық топ мүшелері мәдениет және өнер саласы қызметкерлерімен кездесті.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұраттың төрағалығымен өткен жиынға партия басшылығы мен қызметкерлері, партия ардагерлері, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, мәдениет және қнер саласының қызметкерлері қатысты.
Басқосуда алғаш болып сөз тізгіндеген партия төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат Елбасының Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» аясында 59 заң қабылданғандығынан айтты. Оның барлығы қоғам өмірінің шешуші салаларын жаңғыртуға бағытталып отырғандығын тілге тиек етті. Және қазіргі таңда қызу талқыға түсіп жатқан ҚР Конституциясының 26 бабына енгізілетін өзгерістер турасында да әңгіме өрбітті. Өзгеріс енгізу тек мәтінін ғана өзгертуден тұрмайтынын, оның артында үлкен жұмыс бар екенін жеткізді. Сондықтан байыбына бармай байбалам салудың еш қажеттігі жоқтығын баса айтты.
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Зиялы заман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Әмзеұлы Жолдауда көрсетілген ІТ технологияны дамыту заманның талабы екендігін айтып өтті.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева биылғы Жолдауда мәдениет саласы бойынша нақты тараулар жоқ болғанымен, негізгі мақсат ұрпақтың рухани тәрбиесі мен олардың заманға сай білім алуы аталған сала мамандарына да ортақ мәселе екенін баса айтты.
Сондай-ақ қалалық мәслихаттың жас депутаты Серікбол Берікқожа мемлекетіміздің ІТ технологияға баса көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Бүгінде қазақстандықтар «Электронды Үкімет» бағдарламасының пайдасын көріп отырғандығын айтып, елімізге электронды қаржы айналымын енгізу қажеттігін жеткізді. Халық қалаулысы осы мәселелер Елбасы Жолдауында нақты айтылып, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу тапсырылғандығын мәлім етті.