Күллі әлемді шарпыған экстремизм, терроризм секілді ғасыр қатері адамзат баласына қайғы мен қасірет орнатып отырғаны ащы да болса шындық. Облыстық қазақ драма театрында «Тағдыр тәлкегі» атты трагедияданың премьерасы өтті. Адамзаттық проблеманы көтеруімен шығарма мазмұны тереңдей түсіп, қойылымның түпкі мақсаты – теріс ағымнан жастарды сақтау, қорғау, ата-баба дәстүрін құрметтеу болып табылады.
Оқиға барысы Нұргүл есімді жас қыздың алдануымен, алданып барып ес жиюуымен өрбіп отырса, басты кейіпкердің айналасындағы жайттар өзара шиеленісіп, көрерменнің ойын сан-саққа жүгіртеді. Оқуды жаңа бітірген жас талапкер Нұргүл ҰБТ-дан өте алмай, түңіліп жүргенде, оған ә дегенде-ақ әзәзіл Ержан жолығып теріс ағымның арбауына түсіреді. Оқиға одан әрі шиеленісіп, кейіпкерлер түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. Бұл ретте қоюшы-режиссер, ҚР Мәдениет қайраткері Әскер Құлдановтың өз айтар ойын ашық жеткізе алғандығын атап өту керек. Нұргүл болып өмір сүрген Зарина Асан, Алима рөліндегі Анар Алтыбаева, Мұрат образындағы Нұрсұлтан Маханов пен Жаңыл бейнесіндегі Әсем Әбенова секілді актерлер өздеріне артылған мінддетті жақсы орындап, көрерменнің сеніміне ие болды дей аламыз. Анығында,бұл қойылым жастарға да, өзгелерге де өзге ағымға еріп, адасудан аулақ болу керектігін түсіндіре алды.
Арайлы Жақсылық