ҚАЗАҚСТАН ТАРИХШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, ПРОФЕССОР МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВпен арнайы сұхбат:
— Мәмбет Құлжабайұлы, өткен жыл — мемлекетіміз үшін ерекше жыл болды. 1916 жылы күллі қазақ даласын дүбірлеткен ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толса, алаш жұрты болып Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өттік. Осынау екі датаның логикалық байланысын тарқатып айтып берсеңіз?
— Қазақ — азатсүйгіш халық. Жұртымыз осынау тәуелсіздік жолында талай зұлмат заманды бастан кешіп, ар-намысын ешкімге таптатпады. Бүгінгі тәуелсіздік — сан ғасырлар бойы бабаларымыз жүргізген күрестің нәтижесі. Расында, биыл 100 жылдығын атап өтіп отырған ұлт-азаттық қозғалыс пен тәуелсіздіктің логикалық байланысы бар. Себебі дәл осы көтерілісте қазақтың өн бойында тулап жатқан ерлік рухы қайта қылаң беріп, ел мен жерді арам пиғылды орыс үкіметінен қорғау арқылы тәуелсіздікке қол жеткізу ғана көзделді. Кеңес үкіметі тұсында бұл ауқымды көтеріліс туралы ешкім жақ ашып, оның мерейтойлық даталарын атап өтпеді. Өйткені олар қазақтың ұлттық санасын өшіруге бар күштерін салып, бұл тақырыпты жабық күйінде қалдырды. Шүкір, міне, егемендіктің арқасында, мемлекеттің тұтастығын ойлаған баһадүр бабаларымыздың ерлік істерін еркін айтып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің де ғасырлық датасын атап өтіп отырмыз. Бүгінгі таңда біздің басты мақсатымыз — еңселі егемендігімізді нығайту. Бұл мақсатты орындаудың бірден-бір жолы — тарихи санамызды қайта жаңғырту арқылы тіліміз бен ділімізді өз тұғырына көтеру.
— Алашорда үкіметінің мүшелері шетінен білімді, кәсіби деңгейлері де жоғары, зиялы болғаны белгілі. Бүгінгідей барлық жағдай жасалып отырған елдегі тәуелсіз Қазақ үкіметі мен Алашорда үкіметін салыстыратын болсақ, қандай байланыс табуға болады? Қандай айырмашылықтар бар?
– Қазір қалыптасып, аяққа тұрып келе жатқан мемлекетіміз бен Алаш зиялылары құрған үкіметтің арасында байланыс жоқ деп айта алмаймыз. Байланыс бар. Құдайға шүкір, сабақтастық та бар. Өйткені қазақ деген ел бар. Оның рухани әлемі бар. Қазақтар билікте де отыр. Қазақтың әнін сүйетін, әдебиетін қастерлейтін, тарихын қадірлейтін бірлі-жарым болсын азаматтар билікте бар. Яғни, сабақтастық жоқ дей алмаймыз. Бар екені сөзсіз. Соңғы жиырма жыл ішінде Алаш зиялыларының еңбектері түгелдей дерлік жарыққа шықты. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқайдың көп томдығы, Халел Досмұхамедовтің еңбектері жарыққа шықты. Халық олардың мұрасымен таныс деп ойлаймын. Әсіресе «Мәдени мұра» аясында біраз шаруа атқарылды. Бұның барлығы басқарушы элитаның осы процесті қолдайтынын көрсетеді. Бірақ алда атқаратын жұмыс әлі көп. Алаш идеясы әлі де болса кең таралып отырған жоқ. Алаштық азаматтардың ұлтқа, мемлекеттілікке, экономикаға, рухани әлемге қатысты кейбір ұстанымдарын тереңдеп оқыту жағы әлі де болса кемшін. Оқу процесіне енгізу, тәрбие жұмысында пайдалану жағынан олқы түсіп жатырмыз. Мұны ғалымдардың да кінәсі деп түсінген жөн. Асылы, Алаш идеясын насихаттап, халыққа жеткізуде билік пен ғылымның арасында өзара үйлесімділік болу керек.
– Сіз бір сөзіңізде ХХ ғасырда кәсіби тарих ғылымы да, кәсіби тарихшылар да қалыптасқанын айтқан едіңіз. Десе де, бүгінгі күні сол кәсіби тарихшылар бірауызды, бірсөзді ме? Кәсіби тарихшылар арасындағы кейбір түсініспеушіліктер, бұрмалаушылықтар туралы не айтуға болады?
– Кезінде Рысқұловтың Сталинге жазған хаты бар. Оны баяғыда оқығанмын. Біздің кейбір кәсіби тарихшылардың өзі соны бертінде тауып алып, біраз жалаулатты. Контекстен бөліп алып, өздеріне керегін жариялап, «Рысқұлов бүйткен екен, сүйткен екен» деп шықты. Тарихи фактіні айналасындағы оқиғалардан бөлек қарастыруға болмайды. Ал контекстен жұлып алғаннан кейін, әлбетте, мазмұны өзгеріп кетеді. Ондай мазмұндағы хатты Сейфуллин де жазған. Қайталанбас тұлғамыз Смағұл Сәдуақасов та жазған. Сейітқали Меңдешов те жазған. Олардың өсу жолында өз басына тән кемшіліктері болған. Оны контекстен бөліп алып, өз мүддеңе пайдаланудың не керегі бар? Пендешілігіңді басқа жерде жаса, тарихи процесте пендешілікке жол жоқ.
— Әңгімеңізге рахмет!
turaninfo.kz/rus