Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел болашағын айқындайтын жаңа Жолдауын жариялады.
Президентіміздің әрбір Жолдауы — аса ірі тарихи оқиға. Еліміз үшін өте маңызды. Қазақстан қоғамы жылдың басты құжатын әрқашан тағатсыздана күтеді.
Биылғы Жолдауда да өткен кезеңнің қорытындысы шығарылып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды.
Елбасы айтқандай, ел Тәуелсіздігінің 25 жылында екі жаңғыру кезеңінен өттік. Ендігі күн тәртібіне Қазақстанның үшінші жаңғыруы жөнінде міндет тұр. Мақсаты — елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру.
Бұл мақсаттарға жету үшін «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық ауқымды жоспары әзірленетін болады.
Халықтың тұрмысына «Цифрлық Қазақстан», IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялар қолданысқа енгізілмек.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға байланысты Үкіметте арнайы жиын болып өтіп, тиісті тапсырмалар берілді.
Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән берілген.
Бұл ретте, аграрлық экспорттық өнім көлемін, әсіресе, ұлттық бренд болатын экологиялық таза тағамдар өнімін арттыру міндеті жүктеліп отыр.
Жамбылдық кәсіпорындар да осы бағытты ұстануы керек. Біздің облыс — аграрлы өңір. Облыстың 100 ден астам кәсіпорны экспортқа өнім шығарады.
Мысалы, облыс бойынша өткен жылы 25 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 4,0 мың тонна майлы дақылдар, 330 мың тонна көкөніс, 90 мың тонна бақша өнімдері, 6 мың тонна картоп, сондай-ақ, 509 тонна ет басқа мемлекеттерге шығарылды.
Өңірде «Халал» стандарты бойынша жылына 1800 тонна ет өнімдерін өндіруге бағытталған кешен «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС-мен Біріккен Араб Әмірліктерінің «ADEAS Development» компаниясы қатысуымен жүзеге асырылды.
Бұл кәсіпорынның жұмысын жолға қою керек.
Алдағы уақытта осы кешен арқылы облыста толық циклдағы ет кластерін қалыптастыру қамтамасыз етіліп, ет өнімдерін экспорттау бірнеше есеге артатын болады.
Осындай кәсіпорындардың қатарын кеңейтіп, сапалы өнім шығарсақ қана халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз.
Өткен жылы Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 14 млрд. теңге субсидия бөлінді, бұл көрсеткіш 2015 жылғы бөлінген қаржыдан (7,4 млрд.тенге) 2 есеге артық.
2016 жылы барлық егістік алқаптың үштен бірі сақтандырылған. Дегенмен, бұл көрсеткіш қажетті деңгейден төмен екенін ескерсек, бұл жағдай өңірдегі шаруашылықтардың ұсақтығымен, сақтандыру шараларының және сақтандыру төлемақыларын алу талаптары мен процесстерінің күрделілігімен түсіндіріледі.
Ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан әкімдеріне – тиісті құзырлы органдарға субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастыру барысында ұсыныстар беруді және биылғы жылы міндетті сақтандыру көлемін 70-75 пайызға жеткізуді тапсырамын.
Облыста Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми зерттеу институты мамандарын тарта отырып, ауыл кооперациясын құру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, бүгінгі күні облыста ет, сүт өнімдерін өндіру, егіншілік саласы бағыттарында жұмыс істеп тұрған 50 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды.
Бұл ретте, экономика және бюджеттік жоспарлау мен ауыл шаруашылығы басқармалары осы жұмыстарды ары қарай жалғастыруға қажетті қаражат көлемдерін нақтылап, ұсыныс беруді, Ауыл шаруашылығы министрлігінен құрылатын кооператив және оған тартылатын үй шаруашылықтары мен фермерлер жоспарын анықтап, жұмыстарды жүргізуді тапсырамын.
2016 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындары мен цехтардың тамақ өндірісі көлемі 99 млрд.теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 79%-ға артты. Одан бөлек 113 мың тонна ет, 295 мың тонна сүт және өсімдік шаруашылығында 2 млн. тоннадан астам өнім өндірілді. Облыс бойынша сиымдылығы 105 мыңнан астам 88 қоймалар жұмыс істеуде. Әрине, бұл жеткіліксіз.
Осыған байланысты қажеттілікке қарай азық-түлік өнімдерін сақтау қоймаларын салуды, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу цехтарын ашуды, облыста көтерме-тарату орталығын (оптово-распределительный центр) құру жұмыстары жүргізілу керек.
Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімді¬лігін арттыру мақсатында техника-лық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақ¬тандыру, қазіргі заманғы технологиялар бойынша жұмыс істейтін жаңа ірі өндірістерді салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске қосу сияқты маңызды істер атқарылуда.
Озық технологияларды өндіріске енгізіп, суармалы суды тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында 2016 жылы нөлдік және минималды технологиялар 26 мың гектарға енгізілді, Сонымен қатар, өткен жылы су үнемдеу технологияларының енгізу көлемі 12 мың гектарға жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты (2015 жылы 8,1 мың гектар). 2017 жылы бұл көрсеткішті 15,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Үстіміздегі жылы ылғал үнемдеу технологиясын 27 мың гектарға, су үнемдеу технологиясын 15 мың гектарға жеткізілмек.
Бұдан бөлек, облыстағы инновациялық технологияларды енгізіп, суармалы жерлердің көлемін 240 мың гектарға жеткізуіміз қажет.
Осы мәселені шешу үшін жалпы көлемі 99 млн.текше метр, құны 12,5 млрд.теңгені құрайтын жаңа 4 шағын су қоймаларының құрылысын жүргізу көзделуде.
Техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге облыстық бюджеттен 219,0 млн. теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар, Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы облыстағы 62,1 мың гектар суармалы жерлерді қамтитын ирригациялық жүйелерін қалпына келтіруге облысқа 39,2 млрд.теңге бөлу көзделген.
Осы мақсатта облыстың коммуналдық меншіктегі 172 су жүйелері республикалық меншікке өткізлді. Бұл каналдардың бекітілген суармалы жер көлемдері 30,6 мың гектарды құрайды.
Қалған жалпы бекітілген суармалы жер көлемдері 31,5 мың гектарды құрайтын коммуналдық, жекеменшік және иесіз су шаруашылығы нысандары бекітілген іс шараға сәйкес 2017 жылы екінші кезекте өткізіледі.
Осыған байланысты барлық аудан әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармасы салада озық технологиялар мен ғылыми жетістіктерді кеңінен пайдалануды, ауыл шаруашылығы жұмыстарын автоматтандыруға қажетті шараларды ұйымдастыру қажет.
Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі 4,4 млн. га. астам алқапты құраса, оның ішінде егістік жер — 761,0 мың га, суармалы жер көлемі – 171 мың гектарды құрайды.
Өткен жылы облыстың коммуналдық меншігіндегі 18 су шаруашылығы нысандарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 206,2 млн. теңге бөлінді.
Өздеріңізге мәлім, біздің облыс су ресурстарының 80 пайызын көрші Қырғыз елінен алады.
Сондықтан, табиғи ресурстар, жер қатынастары, жердің қорғалуын бақылау мен ауыл шаруашылық басқармаларына, аудан әкімдеріне – суармалы егіс алаңдарын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтуді, ол жөнінде тиісті іс-шара жоспарын бекітуді, өсімдік саласында озық технологияларды кеңінен енгізу жұмыстарын жалғастыруды, игерілмей жатқан жерлерді, оның ішінде суармалы жерлерді қайта айналымға қосуды тапсырамын.
Міне, осы айтылған міндеттер мен мақсаттарды орындай отырып, біздер 2025-ші жылға облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлеміндегі ауыл шаруашылығы үлесін 12 пайыздан 25 пайызға ұлғайта аламыз.
Биылғы Жолдау ел экономикасын нығайтумен қатар, халықтың әл-ауқатын жасқарту бойынша жаңа міндеттер жүктейді. Осы ретте, облыстың әрбір тұрғынын қамтитын негізгі трендтерді ерекше атап өткім келіп тұр.
Ең алдымен, бұл — білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері.
Өткен жылы облыстың білім саласына 92 млрд теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,2 есеге өсті.
Оқушылардың сыни ойлау қабілетінің дамуын, зерттеу мәдениетінің қалыптасуын анықтау мақсатында 4 мектепте эксперименттік алаңдар жұмыс жүргізуде.
225 мектепте оқушылардың ғылыми қоғамдары құрылып, оған барлық оқушылардың 35%-ы қамтылған. Осы бағытта педагогтарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында 128 іс-шара өткізілді. Бүгінгі күні 7508 (31,2%) педагог сын тұрғысынан ойлау технологиясын өз тәжірибесінде қолдануда.
Облыстық білім басқармасына, білім бөлімдеріне оқушылардың сыни ойлау қабілетін, өз бетімен іздену дағдыларын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын.
Оқушылардың ақпараттық құзіреттілігін арттыру мақсатында 6 мектепте «Робототехника» курстары енгізілген.
Ақпараттық және білім беру ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 76 білім мекемесіне электронды оқыту жүйесі енгізіліп, 437 мектеп (96,8%) кең арналы интернет желісіне қосылған.
2017 жылы 449 мектепті электронды білім беру контентімен қамтамасыз ету үшін 98 млн.теңге бөлінсе, электрондық оқытуды енгізуге арналған техникалық инфрақұрылымды (жергілікті есептеуіш желі, мектептік сервер және компьютерлік парк) әзірлеуге 446 млн.теңге бөлінді.
Аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне алдағы оқу жылында «Робототехника» курсын енгізу үшін кемі 11 мектепке электрондық оқытуды кеңінен енгізу үшін мектептердің техникалық инфрақұрылымын жаңарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын.
Оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, ұлтжандылықты дамыту мақсатында оқу үрдісіне «Мәңгілік ел», «Көшбасшылық мектебі» бағдарламалары енгізілген. 7 ауданда мектеп жанынан «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталықтары ашылған.
Облыстық білім басқармасына, білім бөлімдеріне «Мәңгілік Ел» құндылықтарын оқу-тәрбие үрдісіне енгізу жұмыстарын жандандыруды және Байзақ, Қордай, Талас аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын.
Облыстағы 451 мектептің 363-і, яғни 80%-ы, ауылда орналасқан.
Сондықтан, аудан әкімдеріне мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуды, педагогтардың сапалық құрамын жақсартуды, білім сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын.
Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша облыста 7 мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі трансляциялануда.
Облыста 8 мектепте жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер және үш тілді оқытудың элементтері енгізілген элективті курстар ағылшын тілінде жүргізілуде.
Аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, облыстық білім басқармасына осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруды тапсырамын.
Техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру, Елбасы жолдауында айтылған «Баршаға арналған тегін кәсіби білім» жобасын жүзеге асыру – негізгі міндеттердің бірі.
Облыста техникалық кәсіптік білімді мамандар дайындауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі 2016 жылы 4123 орынды құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 383-ке артты. (2015 жылы — 3740).
Оның ішінде: химия саласына бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі 13,5%-дан 13,9%-ға (504-тен 575-ке), ауыл шаруашылығы саласына бөлінген тапсырыс көлемі 17,7%-дан 17,8%-ға (665-тен 735-ке) өсті.
Өңірде аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысын өткен жылмен салыстырғанда 870 орынға (оның ішінде 100 ЖБ, 770 орын РБ) арттыру көзделіп отыр.
Облыстық білім басқармасына «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын техникалық және кәсіптік мамандарды даярлауда мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыруды тапсырамын.
Сондай-ақ, ақпараттық технологиялар саласына мамандар дайындауға ерекше көңіл бөлінуде.
Бүгінгі таңда, «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша 11 колледжде 2865 оқушы білім алуда, оның 43%-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.
2016-2017 оқу жылынан бастап Жамбыл политехникалық колледжінде «Есептеу техникалары және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде 100 орын бөлініп, информатика пәні ағылшын тілінде оқытылуда.
Осы орайда, білім, жастар саясаты басқармалары, жоғары және арнаулы оқу орындары жастардың ғылымға бетбұрысын қалыптастыру, олардың ғылыммен шұғылдануларына қажетті материалдық- техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдаулары керек
Елбасы атап өткендей, білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Облыста халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Алайда, тұрғындар арасында әлі де бұл механизмге сенімсіздік орын алып отыр. Сондықтан, мақсатты топтармен насаналы жұмыс жүргізілу керек.
Тараз қаласы және аудан әкімдері, денсаулық сақтау басқармасының, аумақтық департаменттердің, мемлекеттік корпорацияның басшылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Тарихи құжатта ел қуанар жағымды жаңалық, зейнетақы мен жәрдемақылардың өсетіні.
Шілдеден бастап зейнетақы мен бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы 20 пайызға өседі.
Ең төменгі күнкөріс шегі де қайта қарастырылмақ. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс.
Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматы енгізілетін болады. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.
Осы ретте, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, аудан және қала әкімдеріне аз қамтамасыз етілген отбасыларынан еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту арқылы адресті әлеуметтік көмек көрсетуді күшейтуді тапсырамын.
Мұның бір құралы ретінде кәсіби қайта даярлау, еңбек нарығында қажетті жаңа мамандыққа оқыту жүйесін пайдалану қажет.
Жолдауда Қазақстанның, оның ішінде әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Өйткені, тек қауіпсіз мемлекет қана алға қойылған реформаларды жүзеге асыра алады.
Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр.
Бұл ретте, дін істері басқармасына, аудандар мен қала әкімдеріне үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, діни экстремизмнің алдын алу жоспарын, оның ішінде Интернет пен әлеуметтік желілердегі жұмысты пысықтауды тапсырамын.
Бұл жұмыстан Жергілікті полиция қызметі де тыс қаламауы тиіс
Елбасы тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейтуіміз қажет.
Облыс әкімі К.Н.Көкрекбаевтың сөйлеген сөзінен алынды.