— Тәкен аға, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары халыққа қандай жәдігерлеріміз оралды? Қандай құндылықтарымыз құм астында жатыр?
-Бүгінде қайтадан жаңару, жаңғырту, ежелгі тарихты іздеу, жемісін көзбен көріп, оны мақтаныш ететін дәрежеге жеттік. Бұл, ең біріншіден, тәуелсіздіктің арқасы. «Мәдени мұра» бағдарламасының екі кезеңі өтті. Қазір бұл бағдарлама ұлттық стратегиялық жобаға айналды. Бұл – жер бетінде қазақ барда, мемлекетіміз барда, халықпен бірге қатарласып жүріп отыратын бағдарлама деген сөз. Осы ретте біздегі республикалық дәрежедегі ескерткіштердің барлығы қайта қалпына келтірілді. Олардың ішіндегі екі мұра жөнінде ерекше айтуға болады. Ол – Айша бибі мен Ақыртас кешені. Ақыртас – Қазақстанның ғана емес, Орта Азиядағы нөмірі бірінші тарихи мұра. Біздің түркі халқының кешегі VIII ғасырдағы болмысынан, сол кездегі ақыл-ойынан, шеберлігінен, тіпті кісілігінен, танымынан хабар беріп тұрған жалғыз ескерткіш — осы. Міне, осындай тарихи мұраларымыз қайтадан жаңартылды. Айша бибі кешені бүгінде тотықұстай таранып, бүкіл жұрттың көзайымына айналып отыр. Қасында Бабаджа хатун кесенесі тұр. Ол да қазақ даласында сирек кездесетін он алты қырлы мұнарасы бар жәдігер. Бұл негізінде сәулеттік шешімі жағынан Таяу Шығыста және Кавказ елдеріндегі бұрынғы мұсылман мәдениетінен, өркениетінен қалған кесенелерге ұқсайды. Осындай игіліктер 25 жылдың ішінде, шын мәнінде, халықтың игілігіне айналды. Бұл да бір көңілімізді тасытатын, толқытып-толғандыратын жайт. Ұзақ жылдар бойы, тіпті ешқашан да біздің мұраларды басқа жаққа алып кету, ұрлап кету мақсатында келген қара ниетті адамдардан басқа ешкім жіті зерттеген емес. Біздің білетініміз жалғыз Қарахан кесенесі. Бұл — XII ғасырдың құрылымы, нысаны. XX ғасырға дейін жартылай күйреген қалпында жеткен. 1900 жылдан кейін осы жердегі иманды, дәулетті азамат Қали Жүніс деген кісі осы қаланың сол кездегі басшылығына мешіт, моншалар секілді бірнеше қоғамдық орындар салуға ұсыныс білдіріп, Қарахан мен Дәуітбек кесенелерін қайта қалпына келтіруге рұқсат алып, шеберлерді шақыртып, аталған кесенелердің қазіргі қалпын сол кісі тұрғызған. Міне, кезінде қандай азаматтар болған? Яғни бұдан қазіргі байлар мен бұрынғы байлардың танымы басқаша болғанын аңғаруға болады. Өкініштісі, Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде көптеген тарихи мұраларымыз қиратылды. Міне, осындай жантүршігерлік жайттарды бастан кешіп, бізге аман-есен жеткен тарихи мұралар осы жылдардың ішінде қайта қалпына келтірілді. Жалпы қазақ тарихындағы көптеген жақсы жаңалықтар осы қасиетті Әулиеата топырағында, Тараз жерінде болған. Жанымыздағы Баласағұн қаласынан қозы көш жерде жатқан, Қазақ хандығының іргесі қаланған Қозыбасы да біздің өлкеге тиесілі. Сол Баласағұн шаһарында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» жазылған. Ондай адамдар өткен жерде талай тарихи оқиғалар болуы заңдылық. Бізде мыңға жуық тарихи мұра бар дейміз, ал зерттей берсек, одан да көп. Оны халыққа алдын ала айта алмаймыз. Себебі бізде қара ниетті археологтар бар. «Қырғызстан жақтан қолдарында металл іздейтін құрылғылары бар бәзбіреулер Баласағұн жаққа жиі келеді» дейді көргендер. Бірақ ол жақта қазір күзет бар. Арнайы қорғалады.
— Аға, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысатын бес облыстың бірі — Жамбыл өңірі. Нақтырақ айтқанда, туристер біздегі қай жәдігерлермен танысады және біздегі гидтердің тарихи танымы қаншалықты деңгейде?
— Қазір бірнеше жоғары оқу орындарында «гид» деген мамандық бар. Оларды оқытады. Бірақ ол жерде тек қана технологиясын оқытумен ғана шектеліп отыр. Сондықтан да ол жерден бірде-бір толыққанды гид маманы шықпайды. Мәселен, гид жәдігердің ішінде жүріп, жан-жақты ізденіп, әр сөзін терең біліммен жұптастыра білуі керек. Ол үшін гид терең білімді тарихшы болуы қажет. Әлемдік археологиядан, дүниежүзілік жәдігерлерден хабары бар, түрлі салыстырулар мен деректерді оңай айта алатын маман ғана гид бола алады. Мысалы, Айша бибі — махаббат сезіміне арналған символ болса, жанындағы Бабаджа хатун — парыз адамының символы. Өйткені ол — өмірінің соңына дейін бибісінің жас қабірін күзетіп, сол жерде қаза болған әулие адам. 1999 жылдары болу керек, бір испандықтың сұрағынан барып мен бір ой түйдім. Ол Айша бибі жайлы айтылғанда, «Үндістандағы Тәж Махал сияқты емес пе?» деді. Иә, үндістандық ол жәдігер де махаббатқа қойылған ескерткіш. Бірақ Тәж Махалдың тұғыртасы 5 метр, қалған үсті таза мрамордан жасалған және оның сыртында символикалық өрнектер, жазулар жоқ. Ал біздің Айша бибі кесенесінің 18-ші қаланымында «Күз, бұлттар, дүние ғажайып» деген арабтың куфа жазуымен жазылған сөздер бар. Гид соны білуі керек! Неге ол жазу кесененің 18-ші қаланымында жазылған? Өйткені Айша бибі өмірден өткенде 18 жаста болған. Кесененің ұшарбасына неге ашылмаған гүлді қойған? Себебі он сегізден бір гүлі ашылмаған ару еді. Әр символдың өзіндік сыры, астары бар. Ал қалған ою-өрнектер сол кездегі даланың, халықтың наным-сенімі, пайымы, сұлулықты, әсемдікті сезіне білу қасиетін көрсетіп тұр. Гид осының барлығын және жер бетіндегі барлық жәдігерлерден хабардар болуы керек. Ал облыс бойынша «ЭКСПО-2017» маршрутында келесі жылы көктемнен бастап жазға дейін жол жөндеу жұмыстары аяқталып жатса, Баласағұн қаласы, Ақыртас, Айша бибі, Қарахан, мүмкін Тектұрмас кесенесі және «Ежелгі Тараз» тарихи мұражайы бар. Олардың жанына туристік инфрақұрылымға қажетті киіз үйлер тігеміз. Қымыз алдырып, сырмақ-текеметімізді көрсетеміз. Бүркітшілеріміз бар, қолөнершілеріміз бар, барлығы біркісідей атсалысып, көрменің көркін асырамыз деген ойдамын. Тараздың ұлы ерекшелігін айта кетсем. Мысалы, мыңжылдық, мың жарым жылдық тарихы бар деген Сауран, Жанкент секілді шаһарлар бар. Бірақ олардың 99 пайызы қазір жай ғана бір ауылдың шетінде жатқан үйінді. Ал Тараз қаласы 2100 жылда өзінің тұрғындарын ешқайда көшірмеген. Қаланың ең алғашқы атауы – Тәңірғұт. Қандай керемет ат. Сондықтан да болар, Тараз құтты орнынан қозғалмай, қаншама аласапыранды басынан кешсе де, халық ешқайда кетпеген. Қаланың киелілігі осы. Қазір «ЭКСПО»-ға жан-жақты дайындықты бастап кеттік. Енді Жаңа жыл мерекесінен кейін қаражат бөлінсе, арнайы курс ашып, тіл білетін алғыр жастарды гид мамандығына оқытамыз. Еріктілерді шақырамыз. Тағы бір айта кететін мәселе, бізде туризм дамыса, экономикаға көмек болады деген түсінік бар. Бәрі дұрыс, бірақ барлығы мысал ретінде Малайзия, Сингапур, Бали аралын, Үнді жағалауларын, Анталияны, Египетті айтады. Туристер ол тарихи жерлерді көру үшін бармайды. Ол тек сондағы жағалауда шомылып, құмында демалу үшін барады ол жерлерге. Қасына зәулім қонақ үйлер салып қойған. Бізде де 5-6 аты бар, заты жоқ туристік фирмалар бар. Оларда да сондайлар жетеді. Олар қонақтармен келісіп, демалушыларды бос уақытында тарихи жерлерге алып барады. Міне, әр нәрсенің негізіне қарау керек. Жалған ұраннан түк шықпайды. Біздің елде, мәселен, Каспий жағалауында сондай үлкен кешендік демалыс орнын салуға болады. Ол да 63 әулиесі бар киелі жер ғой. Ал біздің өңірде табиғи-экологиялық туризм ретінде Мойынқұмдағы сексеуілдің ішінде жайран атқызып немесе тауларға салт атпен саятшылыққа шығарса, әр жерге үйлерді тігіп қойса, туристер де қызығушылық білдіреді емес пе? Мәселеге осы қырынан қарауымыз керек.
— Әңгімеңізге рахмет!
turaninfo.kz/rus