Жетісу өңірінің шұрайлы, тамаша жерлерінің бірі — Қапал-Арасан өлкесі. Бұл — байырғы Қапал бекінісі болған жер. Қиыры шексіз, құлазыған даланың, ат тұяғы шаршайтын, қыран құс қанаты талатын қазақ жерінің кең жайлаулы, майсалы шөпті, шипалы сулы өлкесінің бірі- Арасан. Арасанның әсем табиғатына тамсанып, танданғаны ауыл аймағындағы өзара шебердің жасаған жұмысындай қашалып жатқан « Шоқпар тас», «Бүркіт тас» секілді жерлері қызықтырса, Баянжүрек тау бөктері тамашалап жүрген жанды бірден өзіне қаратуы, « Әулие ата» бұлағы жол үстіндегілердің ақ байлап, тәу етер жеріне айнал-уы, Жетісудың өзендерінен бастау алған ағыны арнасынан асып жататын Бүйен өзенінің бір аңғары «Байталас», жан-жағын құралай жел-мен бірге есіп билейтін талдардың қоршауының өзі ше? Арасан табиғаты суретшінің бейнелеген пейзажы секілді қылқаламнан тұнған ойдай сұлу!
Ескі деректерге сүйенер болсақ, Арасанда алғашқы сумен емдеу орны 1876 жылы ашылыпты (осы жыл ауылдағы ескі «Ванная корпусы» ғимаратының қабырғасында таңбаланып тұр). Жүз жылдан астам бойы осы үй « Арасан- Қапал» курортының бас ғимараты болған. Суының қасиеттері ғажап- ақ, ол көптеген дерттерді: ревматизм, есекжем, құяң сияқты ауру түрлерін қапысыз жазады. Осының бәрі 10-15 ванна алғаннан кейін жоқ болып кетеді. Алғашқыда, сонау ертелеу кезде ваннаны тікелей құм шұңқырларда қабылдаған деседі, ал кейініректе, өткен ғасырдың 30-жылдарына қарай әйелдер және еркектер бөлімдері бар емдеу корпустары ашылып, арнайы ванналар орнатылды.
1950 жылдарға дейін санаторий маусымдық жұмыс істеді, ал 1951 жылдардың бас шенінде жылдық режиміне көшірілді.
Арасан сулары — емдік қасиеті мол шипалы сулар. Құрамына, шипалық қасиетіне қарай бірнеше топқа бөлінеді: көмірқышқыл газды (CO2), көмірсутекті (H2S), құрамында темір (Fe), мышьяк (As), марганец (Mn), мыс (Cu), алюминий (AL) болатын заттар, органикалық заттар, бромды (Br), йодты (J), радонды (Rn), кремнийлі (H2siO3- HsiO3) болады. Организмге тигізетін қасиеттеріне қарай Арасан суын пайдалану жолы әр түрлі. Арасан суы асқазан ауруларын емдеу үшін ішуге ( Нарзан, Боржоми, Сарыағаш, Арасан), ал тұзды ерітіндісі сүйек, буын, нерв жүйесі мен қан тамырлар сырқатына пайдалы, шомылып емделуге қолайлы.
Арасан ауылына жолыңыз түсіп жатса, «Қапал-Арасан» шипажайына аялдаңыз. Шипажай — деніңізге саулық болары анық. Шет елдерге саяхат жасағанша, Отандық туризмді дамытайық. Арасан — туристерге арналған, емдік суы орасан өлке. Есіңізде болсын!
Дайындаған: Елдос Қуатұлы