Жиынға партияның Орталық аппарат басшысының орынбасары Ашметов Алибек Сакенұлы, облыстық мәслихат депутаттары, бизнес және қоғамдық сектордың белсенді мүшелері, жастар мен әйелдер ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында «Respublica» партиясының Жамбыл облыстық филиалына жаңадан тағайындалған төраға Айнұр Шайзханқызы Келімбетова ресми түрде таныстырылды. Партияның жаңашыл бағытын, ашықтық пен тиімділікке негізделген өңірлік даму стратегиясын басшылыққа алатын жаңа төраға өз сөзінде халықпен кері байланысты күшейту, ауыл-аймақтарда қоғамдық қабылдаулар ашу және әлеуметтік бастамаларға кең қолдау көрсету сынды нақты міндеттерді атап өтті.
Жиынның тағы бір маңызды шешімі – Аймақтық кеңестің жаңа төрағасын сайлау болды. Кеңес мүшелерінің дауыс беруімен бұл лауазымға Нұрсұлтан Талғатұлы Темірхан лайық деп танылды. Ол өз сөзінде өңірлік саясаттағы серпінді қадамдарды қолдайтынын, партия бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін және кеңес жұмысын жүйелі жүргізуге ниетті екенін жеткізді.
Отырыстың тағы бір ерекшелігі – әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бастама — «Re:Women» әйелдер қауымдастығы туралы болды. Жамбыл облысы бойынша қауымдастық төрайымына екі үміткер ұсынылды: Айша Болатқызы Амангелдиева – кәсіпкерлік салада белсенді, әлеуметтік жобаларды қолдаушы, және Айнұр Сабрайқызы Жұмабекова – өндірістік салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Екі үміткер де өз бағыттарында жетістікке жеткен, қоғам өміріне бей-жай қарамайтын белсенді әйелдер. Қауымдастық төрайымын сайлау келесі отырыста дауыс беру арқылы өткізілетін болады.
Сонымен қатар, кеңесте партияның 2025 жылдың екінші жартыжылдығына арналған өңірлік даму жоспары таныстырылды. Онда тұрғындармен кері байланысты күшейту, жастар мен әйелдердің партия жұмысына кеңінен тартылуын қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде бастауыш партия ұйымдарын жандандыру және әлеуметтік жобаларды іске асыру секілді нақты бағыттар қамтылды.
Отырысқа қатысушылар қатарында түрлі сала өкілдері болды: мәслихат депутаттары, жастар ұйымының жетекшілері, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері. Атап айтқанда, Асель Жакаева – су добынан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының капитаны, Индира Исмаилова – Банк ЦентрКредит өкілі, Бердияр Құттыбаев, Ерасыл Жеңіс, Абай Лесбеков, Тұрлыхан Камал сынды азаматтар партия бастамаларына қолдау білдіріп, өз пікірлерін ортаға салды.