Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің 2020 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және инвестиция тарту мәселесіне орай қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Мемлекет басшысына Үкіметтің 2019 жылдың қорытындылары жөніндегі кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндалды.
Сонымен қатар Премьер-Министр Президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмыстары туралы айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы Бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты қабылданып жатқан шаралар жайында есебін тыңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге облыстағы ахуалды қатаң бақылауға алып, азаматтардың қауіпсіздігіне және еліміздің абыройына нұқсан келтіретін осындай оқиғаларға жол бермеу мақсатында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды.
Қоғамдық тәртіпті бұзып, кісі өліміне және дүние-мүліктің бүлінуіне әкеп соқтырған бұзақылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс.