Ең алдымен Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында автобус және коммерциялық техника өндіретін QazTehna зауытының жұмысымен танысты.
Президентке кәсіпорын жұмысының алғашқы нәтижелері туралы баяндалды.
Зауыт 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Биыл жыл соңына дейін қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерге 700-ден аса автобус пен электробус жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберілмек.
Зауыт әлемдегі жолаушылар көлігін өндіруші Yutong компаниясымен серіктестік орнатқан. Серіктестік аясында компания қазақстандық зауытқа қажетті технологияны кезең-кезеңімен береді. Қазіргі кезде автобустар бөлшегінің 33 пайызы жергілікті материалдардан құрастырылады. Алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 50 пайыздан асыру жоспарланып отыр.
Бүгінде зауытта 560 адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымының басым бөлігі — Саран қаласының жергілікті тұрғындары.
Бұдан әрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» және көлік дөңгелегін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыттарының және өнім түрлерімен танысты.
«KamaTyresKZ» дөңгелек зауытын биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелектер шығарады. Кейін жобаның екінші кезеңінде транспортер, конвейер лентасы сияқты резинатехникалық бұйымдар, ал үшінші кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасы дөңгелектерін өндіре бастайды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген.
Қазіргі кезде зауыт серіктестерімен бірлесіп, өзіне қажетті мамандарды даярлауға кіріскен. Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде 68 адам «Резина техникалық бұйымдар» және «Шина өндірісі» мамандығын игеруді бастады.
Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс «Silk Road Electronics» зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады.
Зауыттың болашақ өнімдері қойылған шағын көрмені аралап шыққаннан кейін Мемлекет басшысы зауыт басшылығымен әңгімелесті.
Дереккөз: БОРТ №1 телеграм арнасы