2019 жылдың 5 маусымында Тараз қаласының Полиция басқармасында қалыптасқан дәстүр бойынша құрметті демалысқа шыққан полиция қызметкерлерін салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Тараз қаласының ПБ ардагерлер ұйымының төрағасы отставкадағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин отставкадағы полиция подполковнигі Мұрат Мақұлбекұлы Нұрхановты, отставкадағы полиция подполковнигі Нұрланбек Әбдіманапұлы Байтасовты және отставкадағы полиция майоры Назира Ермекқызы Қапашеваны зейнетке шығуымен құттықтады.
Осындай айтулы күндегі салтанатты рәсімде өткен зейнеткерлікке шығарып салу кешінде ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы адал және мінсіз қызмет атқарған аға әріптестерін бөлім басшылары мен жас қызметкерлер құттықтап, мінсіз қызмет атқарғаны үшін алғыстарын білдіріп, ілтипатты сөздер айтты, сондай-ақ олардың бай кәсіби тәжірибелерімен бөлісетіндеріне сенім білдірді.
Еңбек демалысына шыққан қызметкерлерге Тараз қаласы ПБ бастығы полиция полковнигі Ардақ Мадимаровтың атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Соңында барлық қатысушылар естелікке суретке түсті.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі