Полицияға жауап алуға шақырылған Orda.kz журналисі Исламбек Дастанның сөзі мен іс-әрекетінде ешқандай заң бұзушылық жоқ. Бұл сот сараптамасы орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалының журналистке берілген құжатында көрсетілген.
Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Исламбек Дастанның айтуынша, құжатты оған істі жүргізуші тергеуші «Біле тұра жалған ақпарат тарату» бабы бойынша көрсеткен. Бұл баптың санкциясы 1000 АЕК көлемінде айыппұлдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Өткен аптада Тараздағы екі журналист Жамбыл облысындағы жарылыстардан кейін «жалған ақпарат таратқан» деген айыппен полицияға шақырылды. Orda.kz редакциясының Тараздағы меншікті тілшісі және Turaninfo.kz редакциясының штаттан тыс тілшісі Исламбек Дастан куәгер ретінде, 7-арнаның тілшісі Данияр Әлімқұлды – қорғаушы құқығымен куә ретінде шақырылды.
– Мен өз кінәмді мойындамаймын, себебі мен кінәлі емеспін. Менің куәгер ретінде тартылуым дұрыс емес деп ойлаймын. Айтқан әрбір сөзім үшін заң алдында толық жауап беруге дайынмын. Тергеуге толықтай көмектесемін, телефонымды өз бастамаммен өткіздім, ондағы барлық бейнелерді көрсетіп, дискіге жазып бердім, – деп түсіндірді Исламбек Дастан.
Orda.kz Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевадан тараздық журналистерді өз қорғауына ала ма деп сұрады. Балаева «шағымның негізділігі туралы тек іспен танысқаннан кейін айтуға болады» деп жауап берді және «егер журналистердің құқықтары бұзылғандығы анықталса, оларды жеке өзі қорғауға дайын» екендігін айтты. Біраз уақыттан кейін ІІМ журналистерді жауап алуға шақыру жағдайына екіұшты жауап берді және «журналистер таратылатын ақпараттың сенімділігін тексеру үшін шаралар қолдануды ұмытпауы керек» деп атап өтті.
Өз кезегінде, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева журналистердің құқығы күнделікті бұзылып жатыр деген ойымен бөлісті.
Еске салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз заттардың жарылуы болды. Жарылыстан кейін 93 адам ауруханаға жатқызылды. 17 адам көз жұмып, бір адам әлі табылмады. Жүзге жуық адам жарақат алды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық нысан мен үш мектеп зақымданған. Әкімдік екі айдың ішінде үйлерді қалпына келтіруге уәде берді.
Дереккөз-https://kaz.orda.kz/policija-a-sha-yryl-an-orda-kz-tilshisini-reketinde-za-b-zushyly-tar-zho-saraptama/