Ұлттық құндылықтарды сақтап, елдің бірлігі мен келісімін нығайтуда билер кеңесінің атқарар рөлі ерекше. Бұл құрылым тек құқықтық көмек көрсету ғана емес, сонымен бірге медиация функцияларын орындай отырып, сот процесіне де маңызды үлес қосуда.
Жамбыл облысы – билер кеңесінің жұмысын белсенді жүзеге асырып отырған аймақтардың бірі. Облыс бойынша 566 бидің арасында облыстық ардагерлер кеңесі және ауылдық деңгейдегі билер кеңестері отбасы және қоғамдық дауларды шешуде үлкен тәжірибеге ие. Атап айтқанда, облыстың 10 ауданында және Тараз қаласында құрамында 7 адамнан тұратын, ал 156 ауылдық округте 3 адамнан тұратын билер кеңестері өз жұмысын атқарып келеді. Мұның өзі облыс халқының құқықтық сауатын арттырып, даулардың тиімді шешілуіне ықпал етуде.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Солтыбаев өткен жылдағы жұмыстарын қорытындылап, билер кеңесі мен соттардың бірлесіп жүргізіп жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, билер кеңесінің басты мақсаты – елдің бірлігі мен бейбітшілігін сақтау және қоғамдағы дауларды шешуге жәрдемдесу екенін тілге тиек етті.
Конференция барысында ерекше назар аударатын мәселелердің бірі – “Әкелер кеңесі” болды. Бұл кеңестің басты мақсаты – жастарға дұрыс тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарды, ата-бабалардан келе жатқан тәрбие мен мәдениетті жеткізу. Осы бағытта жұмыс облыс көлемінде жалғасын тауып, ардагерлер кеңесі өз отырыстарында бұл мәселеге терең көңіл бөледі.
Сонымен қатар, ардагерлердің өмір сүру деңгейін жақсарту мәселелері де талқыланып, алдағы кезеңдерге арналған жоспарлар мен міндеттер айқындалды. Ардагерлер ұйымдарының қызметі тек әлеуметтік мәселелермен шектелмей, қоғамдық тәртіп пен келісімді сақтауға, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталуда. Бүгінгі таңда билер кеңестерінің жұмысы елде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды құрал болып отыр.