Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Студенттерге қызмет көрсетудің электрондық орталығының» ашылу салтанаты өтті.
Орталықтың негізгі мақсаты: тіркеуден дайын құжаттарды алғанға дейін, электрондық форматта қызмет көрсетуге көшу жолымен оқу қызметінің процестерін ұйымдастыруды оңтайландыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру – бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды аспектілері болып табылады және мемлекеттік органдардың қызметіне халықтың сенімін арттыру.
Орталықты Департаменттің басшысы Мақсұт Нәлібаев, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев салтанатты түрде ашты.
Орталық «Зерде» рухани дамыту орталығымен және оқу процесінде цифрлық білім беретін «Е-Librari» залы бар.
Іс-шарада колледж оқытушылары мен білімгерлері «Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер» бағдарламасымен таныстырды. Осы бағдарлама арқылы мемлекеттік қызметтер электрондық нысанда көрсетілетін болады.
Іс-шара барысында колледж директоры Жанар Орынбаева «Студенттерге қызмет көрсетудің электрондық орталығын» ашу эстафетасын «Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінің» директоры Айдархан Биназаровқа табыстады.
Бұл іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшылығы, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.