Өткен жексенбідегі штабтың кезекті отырысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі жұмыстың нәтижесіздігін алға тартты. Әр штаб отырысында тәртіп бұзып, шектеу шараларына бағынғысы келмейтін кафе, тойхана иелері бар екені үнемі айтылуда. Дегенмен, бүгінге дейін бірде-бір тиісті бақылаушы жергілікті атқарушы органдардан олардың жұмысын уақытша тоқтату туралы ешқандай ұсыныс берілмеген. Тек Қордай ауданында ғана екі мәрте ескерту жасалса да талапты сақтамай, жұмысын жалғастырған екі кафе жабылған.
Өңірде індет жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Айталық, соңғы аптада 160-тан астам адамнан коронавирус анықталған. Басқа өңірлермен салыстырғанда ахуал тұрақты, дегенмен босаңсуға болмайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев ағымдағы жылдың 29 қаңтарынан бастап жалпы 204 мыңнан аса адамнан коронавирусқа талдау алынған. Соңғы 2 аптада жедел жәрдемді шақырту санында өсім байқалып отыр. 6-19 желтоқсан аралығында шақырту 3,8 пайызға жоғарылаған.
— Қазір басқа облыстарда індеттің өршіп тұрғаны мәлім. Сондықтан біз барлық жағдайға дайын болуымыз керекОсыны ескеріп, өңірде қосымша 2000 төсек-орынға резерв жасақталуда. Облыста СОVID-19 індетімен ауырған 515 азамат оңалту орталығында ем алды, — дей келе Әсет Қалиев атқарылып жатқан іс-шаралар тұрақты бақылауда екенін жеткізді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сала басшысына осы індетпен ауырғандардың толық сауығып кетуі үшін атқарылып жатқан жұмысты бәсеңдетпей, одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Сайлау учаскелерінде санитарлық нормалардың сақталуы тексеріліп, мұнда анықталған кемшіліктер жедел шешілді. Сондай-ақ дәрі-дәрмектің қоры мен төсек-орындар талапқа сай жасақталғанын да айта кеткеніміз жөн.
Облыс әкімі сала басшысына тексерудің барлығы заңды түрде, талапқа сай болуы керектігін ескертті.
– Біз карантиндік талапты күшейтуіміз керек. Белгіленген алгоритмге сәйкес, мониторингтік топтарға санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттің, денсаулық сақтау басқармасының және тағы да басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері қажет болса, оларды қосыңыздар. Тағы да қайталап айтамын, талапты бұзғандарға шектеулер жасалу керек. Көп адам қатысатын іс-шараларды тоқтату қажет. Өңірдің бас санитарлық дәрігеріне эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешім қабылдауды тапсырамын. Тиісті басқармалар келесі жылдың бюджетін нақтылаған кезде медицина саласын жедел жәрдем көліктеріменен, қажетті құралдармен қамтамасыз ету керек. Бұл біздің ең негізгі міндетіміз, — деді Бердібек Сапарбаев.
Жиында облыс әкімі орынбасарларына және тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Астана, Алматы, Шымкент және облыстардың әкімдерімен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу мәселелері талқыланған кеңес өткізген болатын. Басқосуда аталған кеңесте Президент жүктеген негізгі міндеттерге айрықша назар аударылды.
– Экономикалық саяси дағдарыс кезінде экономиканың өсімін қамтамасыз етуіміз қажет. Биылғы 11 айдың қорытындысы жаман емес. Осы деңгейді сақтап қалуымыз керек. Экономикалық өсімді 3 пайызға жеткізуге тиіспіз. Сондықтан орынбасарларыма және Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне берілетін тапсырма – ол барлық көрсеткіштердің жақсы болуы үшін аянбай жұмыс істеу. Бұған дейін болжам бойынша алдын ала қорытындылар сараланып, қай бағытта жұмыс атқару керектігі туралы айтылды, — деген Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы берген тапсырмалар толығымен орындалуы тиіс екенін баса айтты