Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Токио жазғы Олимпиадасы және Паралимпиадасы жолдамасының иегерлерімен кездесіп, оларға байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.
Төрткүл әлем көз тіккен Токио Олимпиадасына басталуына бір айдан астам ғана уақыт қалды. Төртжылдықтың айтулы аламанына еліміз шын мықтыларын шыңдауда десек, олардың қатарында жамбылдық сегіз спортшы да бар. Атап айтсақ, XXXІІ жазғы Олимпиада боксшы Әбілхан Аманқұл, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Ерғали Әлішер, су добынан Алтай Әлтаев, таэквондошы Руслан Жапаров өнер көрсетін болса, XVI жазғы Паралимпиада ойындарында жүзуден Зүльфия Габидуллина, таэквондодан Нышан Өмірәлі, жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілқасымқызы ел намысын қорғамақ.
Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта өткен кездесу еркін форматта өрбіді.
— Кез-келген мемлекеттің әлемдік аренада танылуына спортшылардың қосар үлесі зор. Сіздер арқылы елімізді, жерімізді өзгелер тани түседі. Әулиеата жері талай талантарды тудырған құтты мекен. Еліміздің спорт тарихына аттары алтын әріппен жазылған Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов, И.Байрамуков, Б.Артаев, А.Таңатаров және тағы да басқа даңқты жамбылдық спортшыларымыз бар. Олардың ізбасарлары да бүгінде байрақты бәсекелерде биіктен көрініп, тек облысымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүр.
Әрбір спортшының арманы – Олимпиадаға бару. Соңғы отыз жылда Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз көтерілмеген Олимпиада болған емес. Кезекті Олимпиада қарсаңында сіздермен арнайы бас қосып отырмыз. Бұл ретте Паралимпиада ойындарының да маңызы зор. Ел тарихында алғаш рет жүзуден Паралимпиада чемпионы атанған Зулфия Габидуллина біздің мақтанышымыз, — деген облыс әкімі спортшыларға жеңіс, сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сөз алған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметов спортшыларға қолдау танытып, жағдай жасап отырған облыс басшылығына алғысын білдіріп, алдағы айтулы аламанда көк байрағымызды биіктен желбіретуге барын салатындығын жеткізді. Ал Рио Паралимпидасының чемпионы Зульфия Габидуллина оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өтіп жатқанын тілге тиек етіп, әріптестеріне айтулы аламаннан тек жеңіспен оралуын тіледі. Футболдан Ұлттық құрама мен ресейлік «ЦСКА» клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов та олимпиадашылардың жеңісті жорығы жалғаса беруіне ниеттес екенін білдіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «ЦСКА» клубының жейдесін сыйға тартты.
Өз кезегінде аймақ басшысы футбол ойынының жанкүйері ретінде Бахтиер Зайнутдиновтың жетістіктерін бақылап жүргенін жеткізіп, оның болашағына сенімділік білдірді.
Ал кездесу соңында Бердібек Сапарбаев Олимпиада жеңімпаздары мен олардың бапкерлеріне мемлекеттен ғана емес, облыс тарапынан да арнайы сыйақы тағайындалатынын айтып, спортшыларды қанаттандыра түсті.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі