Биылғы жылдың үш айында тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті полиция қызметінің өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп 170 мыңға жуық үйді аралау жұмыстары, 715 жиын өткізіліп оның барысында 220 мыңға жуық адамға нұсқау берілді. Барлығына жаднамалар мен нұсқаулар таратылды.
Облыста табиғи өрттерді жою бойынша 12 тактикалық оқу-жаттығу өткізіліп, 19 жергілікті өрт сөндіру бекеттері құрылды. Сондай-ақ, облыстың елді мекендерінде дала өрттерінің алдын алу және сөндіру үшін құрамында 2182 адамнан тұратын 165 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылды.
Оқушыларды практикалық дағдыларға баулу мақсатында білім беру нысандарында өрт болған жағдайда ғимараттан қауіпсіз эвакуациялау бойынша оқу-жаттығулар өткізіліп, оқушылар мен білім беру қызметкерлері қамтылып, облыс мектептерін қамтитын интерактивті сабақтар, ашық сабақтар мен түрлі іс-шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру нысандары мен мектептерде өртке қарсы тақырыпта сайыстар мен викториналар өткізілуде, облыс бойынша 140-қа жуық сайыстар мен викториналар, мектеп және колледж студенттері үшін өрт сөндіру бөлімдерінде экскурсиялар мен ашық есік күндері ұйымдастырылуда.
Жеке тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында брифингтер өткізіліп, жергілікті телеарналарда мамандардың сұхбат беруі ұйымдастырылып, күн сайын тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде. Облыс бойынша 52 билборд орнатылып, сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында LED жарнамалық тақталарда, теледидар экрандарында, сондай-ақ Avtoradio FM радиосында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы жадынамалар жарияланды.
Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Есіңізде болсын! Сіздің қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда.
Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі