Облыста білім беру жүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Биылғы жылы облыстың білім мекемелерін қаржыландыруға – 97,9 млрд. теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,1 есе артық.
Облыста білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Ағымдағы жылы 20 білім нысанының құрылысын жүргізуге 6,4 млрд. теңге бөлінсе, оның ішінде 5 мектептің құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен салынуда.
2017 жылы 5 мектеп, 1 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, 4 мектеп пен 1 колледжге қосымша ғимарат осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелері оң шешімін табуда.
Жыл басында апатты жағдайда тіркелген 9 мектептің 4-і осы жылы жаңа құрылыс есебінен пайдалануға берілсе, 3 мектептің мәселесі 2018 жылы шешіледі, ал 2 мектептің мәселесі 2018-2019 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда.
Үш ауысымды мектептердің мәселесі де басты назарда.
Жаңа оқу жылында үш ауысымды 1 мектептің құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қор есебінен беріледі. 3 мектептің құрылысы ағымдағы жылы Ұлттық қор есебінен басталып, 2018 жылы аяқталады.
Қалған 1 мектептің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға өткізілді.
Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда.
2016 жылы – 1805 орын ашу жоспарланса, жоспар 2 есе артық орындалып, 4250 орындық 36 балабақша мен 1 шағын орталық ашылды. 2016 жылы мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде 2555 орындық 29 балабақша ашылды (2014 ж. – 11 (1223 орын), 2015 ж. – 10 (685)).
2017 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде 1040 орындық 11 балабақша ашылды.
Бүгінгі күні 78 (76 б/б – 6672 бала, 2 ш/о – 195 бала) жекеменшік мектепке дейінгі білім мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан 6867 бала (жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы балалардың 14,2%-н құрайды).
Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, имиджін көтеруге, материалдық ынталандыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2012 жылдан бастап 19 педагог Республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанып,1000 айлық көрсеткіш негізіндегі грантты иеленді.
Білім беруді жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудегі маңызды фактордың бірі — мұғалімнің кәсіби шеберлігі.
Өткен оқу жылында облыстың 1724 педагогі республикалық, халықаралық деңгейде өткізілген олимпиадалар мен байқауларға қатысып, 310-ы (18%) жеңімпаз атанды.
Ұстаздардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 284 түрлі іс-шараға 21257 (88,4%) педагог қамтылды.
2017 жылы біліктілікті арттыру курстарынан барлығы 6009 (25%) педагог өтті.
Оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету — басты міндеттердің бірі. Осы мақсатқа 1 млрд 870 млн. 23 мың теңге бөлінді.
Білім саласын қаржыландырудың өсуі, жасалған жағдайлар жыл өткен сайын өз нәтижесін беруде.
Өткен оқу жылында облыстың дарынды оқушылары халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 34 медальды иемденсе, облыс оқушылары 6-шы жыл республикалық пән олимпиадасының қорытындысы бойынша командалық 1-ші орынды, 5-ші жыл қатарынан республикалық ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша командалық бірінші орынды иеленуі – әрине облысымыз үшін үлкен абырой.
Әсіресе, биология пәнінен Халықаралық қашықтық олимпиадасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік деңгейдегі алғашқы 15 мектептің арасында 6 орынды иеленген дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатын ерекше атап өтуге болады. Аталған мектеп-интернаттың 2 оқушысы ағымдағы жылдың шілде айында өткен әлем олимпиадаларынан жеңіспен оралды. Олар: химия пәнінен Тайландта өткен 49-шы Дүниежүзілік олимпиаданың қола жүлдегері Серік Нұрасыл, биология пәнінен Ұлыбританияда 28-ші дүниежүзілік олимпиаданың қола жүлдегері Назарбеков Әлішер.
Осындай талантты, дарынды жастар тек облыстың ғана емес, республиканың да мақтанышына айналып отыр.
Білім мазмұнын жаңарту шеңберінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту – білім берудің басым мақсаттарының бірі.
2015 жылы Қазақстан оқушылары «TIMSS-2015» халықаралық зерттеуіне қатысып, қорытындысы 2017 жылдың қаңтар айында белгілі болды. Зерттеу нәтижесі бойынша Қазақстанның 8 сынып оқушылары 39 мемлекеттің ішінде 7-ші және 9-ші орындарды иеленсе, 4 сынып оқушылары 49 елдің арасынан 8-ші және 12-ші орындарды иеленді.
Жамбыл облысының 4 сынып оқушылары «математикалық сауаттылығы» бойынша республикада 3-ші орынды, «жаратылыстану сауаттылығы» бойынша 4-ші орынды иеленсе, 8 сынып оқушылары «математикалық сауаттылығы» бойынша 3-ші орынды, «жаратылыстану сауаттылығы» бойынша 2-ші орынды иеленді.
Ұлт жоспары — «100 нақты қадамда» белгіленген орта және техникалық-кәсіптік білім саласындағы 4 қадамды жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
76 қадамда берілген жаңартылған білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу тапсырмасына сәйкес өткен оқу жылында облыстағы 2 мектепте жаңа стандартқа сай әзірленген 2-сыныптың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері, оқу жоспарлары мен бағдарламалар сынақтан өткізілді. 2, 5, 7 сыныптарға сабақ беретін 4657 педагог жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
«…табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру» туралы тапсырмаға сәйкес 2014 жылдан бастап ең үздік білім беру ұйымына «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын беру дәстүрге айналған. Биылғы жылы осы грантты иеленген облыстық ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына ең төменгі жалақының 800 еселенген мөлшері көлемінде облыс әкімінің гранты берілді.
Сондай-ақ, 2017 жылы «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» бойынша жүргізілген рейтингтің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған Тараз қаласындағы №41 гимназиясы мен Байзақ ауданындағы Сарыкемер, Қордай ауданындағы №1 мектеп-гимназияларының үздік педагогтарына 500 000 теңгенің сертификаттары берілді.
77-ші қадам бойынша елімізде жүзеге асырылатын инновациялық жобаларды кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл политехникалық колледжі «Ең үздік 10 колледж» қатарына енгізілген. Өткен оқу жылында аталған колледжде «Кәсіпқор» Холдингінің серіктес колледжі ретінде «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша сингапурлық модель негізінде оқу ресурстық орталығы құрылды.
Биылғы оқу жылынан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру үшін 11 колледжде 16 мамандық бойынша екі жұмысшы біліктілігін, 2 колледжде 7 мамандық бойынша үш жұмысшы біліктілігін дайындау іске асырылатын болады.
Жұмысшы мамандықтарына бөлінген орын саны өткен жылмен салыстырғанда 1160-қа артып, 3616 орынды құрап отыр (өткен жылы – 2456).Биылғы жылдан бастап облыста «Турин процесі» жобасы пилоттық жүйе ретінде енгізілді.
Дуальді оқыту жүйесіне қамтылған колледждер саны 4-ке артып, бүгінгі күні 31 колледжде (63,3%) 28 мамандық бойынша 2530 білімгер қамтылып отыр. Осы мақсатта әлеуметтік серіктестермен 547 келісімшарттар жасалған.
Оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатында ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларында Жамбыл политехникалық колледжінің базасында Тараз қаласының 9-10 сынып оқушыларына арналған құрылысшы, автомобиль жөндеу, макияж, тігінші, т.б. мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, 439 оқушы қамтылды.
79-шы қадамға сәйкес жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу үшін 7 мектепте «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесі трансляциялануда.
Облыста 3 мамандандырылған мектепте жаратылыстану–математика бағытындағы пәндер ағылшын тілінде жүргізілсе, жаңа оқу жылында 63 мектепте 5-8 сыныптарда физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту пилоттық режимде жүргізілетін болады. Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының базасында үш тілді білім беру бойынша эксперименталды-тәжірибелік алаң ашылады.
Ағымдағы жылы 3000 бала жазғы тіл үйрену мектебінде ағылшын тілін үйрену курстарынан өтті.
Үш тілде білім беруді іске асырудың негізгі факторы — қажетті педагог кадрлармен қамтамасыз ету.
Министрлік бекіткен кестеге сәйкес 2016 жылы физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 45 педагог ағылшын тіліндегі оқыту курстарынан өтсе, 2017 жылы — 614, 2018 жылы – 819, 2019 жылы — 815 педагог ағылшын тіліндегі оқыту курстарынан өтеді деп жоспарлануда.
Балалардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс оқушыларының 94,3%-ы қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған. Мектептен тыс білім беретін мекемелер желісі жыл сайын өсуде.
Өткен оқу жылында 1102 оқушы республикалық, халықаралық деңгейде өткен өнер байқаулары мен спорт жарыстарында жүлделі орындарды иеленді.
«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында «Өлкетану», «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Кітап – білім бұлағы» атты 4 базалық бағыт бойынша 28 жоба әзірленді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Туған өлке тарихы», «Туған өлке — тұнған тарих» атты кітаптар және бейнероликтер топтамалары, тарих, география, әдебиет, музыка пәндерінен «Алтын адам» жобасы аясында сабақтарды мұражайлар мен тарихи-мәдени объектілердің базасында ұйымдастыру сияқты ірі жобалар, туристік экспедициялар, экскурсиялар іске асырылатын болады.
Осы жылы тұңғыш рет республика бойынша балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Облыста осы шеруге 6000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес»,- деп баса айтқан болатын. Бұл тұрғыда ең маңызды міндеттердің бірі – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету. Облыста балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін отбасылық тәрбиеге беруді дамыту бойынша маңызды шаралар қабылданып, осы оқу жылында отбасы үлгісіндегі 2 балалар үйі ашылды. Сондай-ақ, Тараз қаласынан ашылған 2 қабылдаушы отбасына балалар үйінің 9 тәрбиеленушісі орналастырылды.
Жетім балаларды отбасылық тәрбиеге берудің инновациялық түрлерін дамыту нәтижесінде облыстағы жетім балаларға арналған ұйымдардағы балалар санының контингенті соңғы 3 жылда 335-тен 243-ке, яғни 92 (27,4% ) балаға азайды.
2017 жылдың 7-11 тамыз аралығында аудандар мен Тараз қаласында өткізілген «Ашық білім басқармасы» акциясына педагог қызметкерлер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ-ның өкілдері, барлығы — 2370 азамат қатысты.
Акция барысында білім беру саласы бойынша 2017-2018 оқу жылында атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары таныстырылып, жаңа оқу жылына дайындық мәселесі пысықталып, әдістемелік көмектер көрсетілді.
Білім беру ұйымдары басшыларының құзыреттілігін арттыру мақсатында 2017 жылдың 16 тамыз күні Тараз қаласы, Жамбыл политехникалық колледжінің базасында «Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жағдайында орта білім берудің сапасын арттырудың ғылыми аспектілері» тақырыбында ТEDх дәрістері өткізілді.
ТEDх дәрістері барысында Педагогика Ғылымдары Академиясының президенті, п.ғ.д., академик А.Қ.Құсайынов «Қазақстандағы орта білім беру сапасын арттырудың ғылыми негіздері», «БАҰО Өрлеу» АҚ-ның басқарма төрағасының бірінші орынбасары, п.ғ.д., профессор Ж.А.Қараев «Заманауи білім беру мазмұнын дамыту кезеңінде педагогикалық инновацияларды жүйелі енгізудің жолдары», «EDTECH-KZ» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, PhD докторы, академик Ғ.Б.Бейсембаев «Білім сапасын арттырудың психологиялық аспектілері» тақырыптарында дәрістер оқып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
TURANINFO>KZ